Әкімнің баласы оңай құтылды
Таяуда Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылындағы мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайды аса қатыгездікпен өлтірген қаскөйлерге сот үкімі шықты. Облыстық соттың баспасөз хатшысы Әсет Серікбайдың айтуынша, 19 жастағы жігіт сот шешімімен 16 жылға сотталса, 17 жастағы екінші сотталушыны сот 1 жыл 4 айға бас бостандығынан шектеді. Бір қызығы, прокурор оны 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот оған осы жазаны лайық деп тапты.
Еске сала кетейік, оқиға биыл сәуір айында болған. Төрткүл ауылының 11-сынып оқушысы мен оның 19 жастағы ауылдасы Аружанға ұқсас қыздың жартылай жалаңаш фотосын әлеуметтік желіге жариялаймыз деп қыздан 1 миллион теңге талап еткен. Бірақ, қыз өзінде ондай қомақты ақша жоқ екенін айтып, екеуінің әрекетін туыстарына айтпақшы болады. Осыдан кейін екі қаскөй қызды суға тұншықтырып, кеудесіне екі мәрте пышақ ұрып, қыздың мәйітін өзінің үйінің артындағы арыққа ағызып жібереді. Өз кінәсін сол күйі мойындамаған 19 жастағы жігіт 16 жылға жаза арқаласа, оның серігі, бұрынғы әкімнің 17 жастағы ұлы бар болғаны бір жыл төрт айға сотталды.
Ішіне жын кірген…
Жақында 5 жастағы қызға сексуалдық сипаттағы қысым жасап, аса жауыздықпен өлтірген қылмыскердің ісіне нүкте қойылды. Сот материалдарына сүйенсек, оқиға биыл мамыр айында Арыс қаласында орын алған. Сол күні 22 жастағы қала тұрғыны өзінің пәтерінен шығып, көпқабатты тұрғын үйдің алдына келеді. Есіктің кіреберісінде 5 жастағы қыздың ойнап жүргенін көріп, оған зорлық жасағысы келеді. Сөйтіп, көпқабатты үйдің дәлізіне кіріп, 2-ші қабаттан 3-ші қабатқа көтерілетін баспалдақтың орта бөлігіндегі алаңшаға бүлдіршінді жетектеп алып барады. Ешкімнің жоқтығына көз жеткізген соң сол жерде арам ойын іске асырады.
Ол сот отырысында кінәсін толық мойындады. Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны 20 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуді міндеттеді. Бір қызығы, ол бұл қылмысқа баруын ішіне жын кіріп кеткендігімен түсіндірген.
Ол өмір бойы түрмеде отырады
Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі де қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалардың бірі болды. Оқиға биыл 13 шілде күні болған. Ішімдікке сылқия тойып алған жергілікті тұрғын өзінің үйіне келе жатып көшеде ойнап жүрген 5 жастағы қызды ауласына алдап кіргізіп алады. Содан нәпсіқұмарлығын қандыру үшін бейкүнә қызға күш қолданып, зорлық-зомбылық әрекеттер жасайды. Одан әрі қылмысын жасыру үшін қыздың көкірегі мен іш құрылысын асхана пышағымен кескілеп өлтіреді.
Айта кетейік, сот үкімі Шымкент қаласындағы «Сәуле» шағынауданында орналасқан ИЧ-169 түзеу мекемесінде оқылды. 48 жастағы қаскөйді сот кінәлі деп тауып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Енді ол қалған өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Әрі оған кастрация жасалып, 100 млн. теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Ішімдіктің соңы…
Бұл қанды оқиға 13 наурыз күні Түлкібас ауданында болған. Сол күні екі ер адам бірінің үйінде арақ ішіп, көңіл көтереді. Оның бірі түнде үйіне мас халде келіп, есікті құлыптамастан жатып қалады. Түнгі 01:30 шамасында досы оның үйіне барып, шырт ұйқыда жатқан бөтелкелесінің басынан балтамен ұрады. Кейін балтаның сабымен мойнынан қылқындырады. Сол сәтте досы қолына іліккен қайшыны алып, оның сол жақ тұсынан бірнеше рет соққы жасайды. Сосын досының қолынан балтасын тартып алып, оның жүзімен бас тұсын бірнеше рет соққылайды. Сол соққылардан соң жәбірленуші тіл тартпай кетеді.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны кінәлі деп тауып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.
Бұл айтылғандар биыл облыс аумағында жасалған, салдарынан кісі өлімі орын алған қылмыстардың бір парасы ғана. Облыс жұртшылығы Арыста қандықол қылмыскерлердің қолынан мерт болған екі спортшының, сарыағаштық азаматтың отбасылық жанжалдан кейін әйелінің қолынан қаза тапқанын әлі ұмыта қойған жоқ. Жақында ғана газетімізде арыстық қарияның ұлын қалай өлтіріп алғаны туралы жазылды. Адамдардың мардымсыз дүниеге, болмашы ерегіске бола бірін-бірі аяусыз өлтіріп жатқаны жаныңды түршіктіреді. Сонда адам өмірінің ойыншыққа айналып кеткені ме?
Д.Тұрсынұлы