Т. Рысқұлов көшесінде салынып жатқан қоғамдық кеңістік құрылысы аяқталу сатысында. Жоба демеушілердің қолдауымен және тұрғындардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, маңайдағы кәсіпкерлік нысандарын бірыңғай дизайн-кодқа сәйкестендіріп, ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Абай ауданындағы «Тельман» шағынауданында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Заманауи талаптарға сай білім беру мекемесі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. №152 жалпы орта мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Мектеп ауласы абаттандырылып, құрылыс компаниясына барлық жұмыстарды толық әрі уақытылы аяқтау тапсырылған.
Еңбекші ауданы, Жібек жолы көшесінде орналасқан 6500 шаршы метр аумақты қамтитын қоғамдық кеңістіктің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылуда. Пергола мен әткеншектер, екі субұрқақ, балалар ойын және спорт алаңшалары, автотұрақ, жарықтандыру жүйесі мен орындықтар орнату көзделген. Сонымен қатар, 4200 шаршы метрден астам аумақ көгалдандырылады.
Момынов көшесінде салынып жатқан автомобиль өткелінің құрылысы жалғасуда. Төрт жолақты жол өтпесі теміржолдың үстімен жүргізілуде. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына құрылыс сапасы мен мерзіміне қатаң бақылау жүргізу тапсырылған.