М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және студенттердің ғылыми-зияткерлік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның нәтижесінде университет студенттері республикалық деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Жуырда Тұран университетінде «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиадада Әуезов университетінің студенттері жүлделі ІІІ орынды иеленді. Білім бәйгесі «Жасанды интеллект дәуіріндегі есеп пен аудит: сын-қатерлер, мүмкіндіктер және перспективалар» тақырыбында өтті.
Аталған олимпиадаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, кәсіби білімдері мен аналитикалық қабілеттерін сынға салды. Зияткерлік сайыста М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Есеп және аудит» кафедрасының 3-курс студенттері Сая Айнабек, Айгерім Аманбай және Бибіажар Абдихадирова жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Студенттердің ғылыми жетекшісі – тәжірибелі оқытушы Атенова Күлпан Ақынбабаевна. Ғылыми жетекшінің кәсіби қолдауы мен студенттердің ізденімпаздығы нәтижесінде команда өз білімін табысты дәлелдей алды.
Бүгінде жасанды интеллект технологиялары экономика мен қаржы саласына қарқынды енгізіліп келеді. Осыған байланысты есеп және аудит мамандарын даярлау барысында цифрлық сауаттылықты, аналитикалық ойлау қабілетін және заманауи технологияларды меңгеруді дамыту маңызды бағыттардың біріне айналған. Олимпиада барысында қатысушылар осы өзекті мәселелер төңірегінде өз көзқарастарын ұсынып, практикалық тапсырмалар орындады.
Мұндай республикалық деңгейдегі білім сайыстары студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, олардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға, тәжірибе алмасуына және болашақ маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл – өңірлік жоғары оқу орындарының білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетінің көрсеткіші.
Әуезов университетінде жастардың сапалы білім алуына, ғылыми бастамаларын қолдауға және халықаралық талаптарға сай маман даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Университет студенттерінің республикалық олимпиадалардағы жетістіктері осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Жеңімпаз студенттер мен ғылыми жетекшіні жоғары жетістіктерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз!


