М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне Орталық Азия білім беру аккредитациясы қауымдастығының (CAAAE) сарапшысы, университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхамбетқали Бүркітбаев және ғылым мен білім беру үдерістерін ұйымдастыру мен басқару саласының халықаралық консультанты Марк Акоев жұмыс сапарымен келді. Сапардың негізгі мақсаты – университеттің стратегиялық дамуын талқылау, халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсарту және ғылым мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған тәжірибе алмасу.
Іс-сапар аясында сарапшылар университеттің басшылық құрамымен кездесу өткізді. Басқосуда Басқарма Төрағасы – ректордың міндетін уақытша атқарушы Ғани Бесбаев мәртебелі қонақтарға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, жаңа бастамаларды бірлесіп іске асыруға және халықаралық тәжірибені енгізуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу барысында университеттің халықаралық беделін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Ғани Бесбаев оқу орны үшін QS World University Rankings рейтингіндегі позицияны нығайту стратегиялық басымдықтардың бірі екенін айтып, осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Орталық Азия білім беру аккредитациясы қауымдастығының сарапшысы Мұхамбетқали Бүркітбаев QS рейтингі талаптарына дайындық сапасын жетілдіру жолдарына тоқталып, әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсартудың негізгі тетіктері жөнінде пікір білдірді. Оның айтуынша, жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі ғылыми зерттеулердің сапасы мен академиялық серіктестіктің кеңеюіне тікелей байланысты.
Ал ғылым мен білім беру үдерістерін ұйымдастыру және басқару саласының консультанты Марк Акоев «QS World University Rankings: Прорыв из ТОП-700 выше» тақырыбында баяндама жасап, әлемдік рейтингтердегі нәтижелерді жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ол инженерлік кафедралардың әлеуетін тиімді пайдалану, шетелдік ғалымдармен тұрақты ғылыми консорциумдар құру, халықаралық жарияланымдар санын арттыру және ғылыми мақалаларды жариялау шығындарын оңтайландыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Екі күнге жоспарланған семинар барысында сарапшылар университеттің стратегиялық даму жоспары, ғылыми-зерттеу қызметінің тиімділігін арттыру, халықаралық әріптестікті кеңейту және басқару үдерістерін жетілдіру бағыттары бойынша өз тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен қатар жоғары мектеп директорлары, факультет декандары және құрылымдық бөлімше басшыларымен бірлескен талқылаулар өткізіліп, алдағы кезеңдегі басым міндеттер мен нақты іс-қимыл жоспарлары айқындалмақ.
Мұндай кездесулер университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, әлемдік рейтингтердегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ білім мен ғылымның сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.


