Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Ғылыми кеңесінің кезекті мәжілісінде университеттің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – қосымша оқу корпусын немесе ғимаратын сатып алу болды. Бұл мәселе бойынша қаржы департаментінің директоры, бас бухгалтер Күмісай Қыстаубаева баяндама жасап, университеттің материалдық-техникалық базасын кеңейту қажеттілігіне тоқталды.
Осыған байланысты қосымша оқу корпусын немесе ғимаратын сатып алу мүмкіндіктері, қаржыландыру тетіктері мен іске асыру жолдары Ғылыми кеңес мүшелерінің талқысына ұсынылды. Талқылау қорытындысы бойынша Ғылыми кеңес университеттің оқу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастаманы қолдады.
Ал Ғылыми кеңес төрағасы, Басқарма төрағасы-Ректор Қайрат Балабиев студенттер контингентінің артуы, білім беру бағдарламаларының кеңеюі және оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру университеттің оқу кеңістігін ұлғайтуды талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты қосымша оқу корпусын немесе ғимаратын сатып алу жұмыстарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізуді тапсырып, оның орындалу мерзімін бекітті.
Жаңа оқу кеңістігін қалыптастыру университеттің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Оқу аудиториялары мен білім беру инфрақұрылымын кеңейту студенттерге сапалы білім алуға қажетті жағдайды жақсартып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде университеттің тұрақты дамуына және білім беру сапасын арттыруға ықпал етпек.
Мәжілісте университеттің ішкі ұйымдастырушылық жұмыстарына қатысты мәселелер де қаралды. Ғалым хатшы Ақлима Байғұтова университеттің ұйымдастырушылық және кадрлық өзгерістеріне байланысты Ғылыми кеңестің құрамын жаңарту жөніндегі ұсыныстармен таныстырды. Ұсыныстар талқыланып, тиісті шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі тағы бір өзекті мәселе – босаған білім беру гранттарына үміткерлерді ұсыну болды. Тіркеу офисінің басшысы Қайрат Мамаев қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес білім алушылардың академиялық көрсеткіштері мен оқу жетістіктері негізінде дайындалған үміткерлер тізімі туралы баяндама жасады.
Ғылыми кеңес мүшелері ұсынылған мәліметтерді талқылап, үміткерлерді бекіту жөнінде тиісті шешім қабылдады. Бұл шешім білім алушылардың оқу жетістіктерін ескере отырып, бос білім беру гранттарын тиімді әрі белгіленген тәртіппен бөлуге мүмкіндік береді.
Ғылыми кеңес мәжілісінде қабылданған шешімдер университеттің оқу инфрақұрылымын жетілдіру, басқару жүйесін жаңарту және білім алушыларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып отырғанын көрсетеді.
