Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне Ұлыбританияның Шотландия аймағынан, Данди қаласында орналасқан беделді Abertay University делегациясы ресми сапармен келді. Шетелдік меймандарды университет Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев арнайы қабылдады. Салтанатты әрі іскерлік жағдайда өткен маңызды кездесуге Басқарма мүшелері, проректорлар, сондай-ақ Интернационалдандыру департаментінің өкілдері мен факультет декандары қатысты.
Кездесу барысында екі жақты академиялық, ғылыми және инновациялық ынтымақтастықты кеңейту, білім беру сапасын халықаралық стандарттарға сай арттыру мәселелері жан-жақты талқыланып, серіктестіктің үш негізгі басым бағыты айқындалды.
Ынтымақтастықтың алғашқы әрі ең басты бағыты – қазіргі таңда әлемдік деңгейде жоғары сұранысқа ие заманауи киберқауіпсіздік саласы бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын (Double Degree Program) әзірлеу болып табылады. Бұл бағдарлама білім алушыларға екі университетте де білім алып, халықаралық үлгідегі қос дипломға ие болуға зор мүмкіндік береді.
Екінші басым бағыт – PhD докторанттарын бірлесіп даярлау, шетелдік ғылыми жетекшілік институтын дамыту және жас зерттеушілерге Ұлыбританияның жетекші зертханаларында ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру. Бұл қадам өңірлік ғалымдардың әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануына жол ашады.
Үшінші мәселе аясында тараптар ұзақ мерзімді институционалдық әріптестікті дамытуды, оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруды және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруды талқылады.
Тараптар алдағы бірлескен жұмыстардың нақты жоспарын (жол картасын) әзірлеп, өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайындықты ресми түрде жалғастыруға келісті. Кездесудің басты түпкі мақсаты – барлық тиісті келісу мен аккредиттеу рәсімдерінен сәтті өтіп, 2027 жылғы 1 қыркүйектен бастап киберқауіпсіздік бойынша қос дипломды бағдарламаны толыққанды іске қосуға жағдай жасау болып табылады.
Мұндай халықаралық бастамалар Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың әлемдік білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтып, студенттерге бәсекеге қабілетті сапалы білім алуға үлкен жол ашады. Өңірлік ЖОО-ның бұл жетістігі еліміздегі жоғары білім мен ғылымды дамытудың айқын көрінісі болмақ.
