Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында еліміздің тарихи даму кезеңдеріне тоқталып, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңындағы маңызды міндеттерді айқындады. Әсіресе, Конституцияның мемлекеттілікті нығайтудағы рөліне, саяси жүйені жаңғыртуға және елдің болашақ даму бағдарларына қатысты ойларының мәні зор.
Конституция мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, қоғамның ортақ құндылықтарын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін және ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды құжат. Сондықтан конституциялық қағидаттарды құрметтеу, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық жауапкершілікті арттыру тұрақты дамудың басты шарттарының бірі.
Білім беру саласы үшін де бұл өзгерістердің маңызы ерекше. Өйткені елдің ертеңі сапалы білім алған, заманауи ойлайтын, кәсіби білікті әрі азаматтық жауапкершілігі жоғары ұрпаққа байланысты. Университеттің міндеті – бәсекеге қабілетті мамандар даярлаумен қатар, заң мен тәртіпті құрметтейтін, ел болашағына бейжай қарамайтын, қоғамның дамуына өз үлесін қоса алатын тұлғаларды қалыптастыру.
Мемлекет басшысы атап өткендей, ел өміріндегі тарихи өзгерістер халықтың көз алдында жүзеге асуда. Мұндай кезеңде әрбір салаға нақты міндеттер жүктеледі. Жоғары оқу орындары үшін бұл – білім сапасын арттыру, ғылымды дамыту, инновациялық бастамаларды қолдау және білім мен ғылым әлеуетін ел игілігіне бағыттау. Себебі қоғамдағы жаңғырудың нәтижесі, ең алдымен, адам капиталының сапасымен және азаматтардың өмірлік мүмкіндіктерінің кеңеюімен өлшенеді.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы жүріп өткен жолымызды саралап қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезінетін тарихи кезең. Тәуелсіздікті нығайту ортақ құндылықтарды дәріптеу, адал еңбек ету, білім мен ғылымды өркендету және ел дамуына нақты үлес қосу арқылы жүзеге асады.
Біздің басты міндетіміз білімді, бәсекеге қабілетті, отаншыл жастарды тәрбиелеп, олардың әлеуетін елдің өркендеуіне жұмылдыру. Өйткені мемлекеттің қуаты оның білімді азаматтарында, ал жарқын болашақтың негізі сапалы білім мен жауапты еңбекте.
