Шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру және олардың бастамаларына қолдау көрсету — кәсіпкерлікті қолдау жүйесінің негізгі бағыттарының бірі. Мемлекеттік қолдау тетіктеріне деген сұраныстың артуы осы мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылған азаматтардың сеніміне кіруді көздейтін алаяқтардың да пайда болуына жағдай жасауы мүмкін.
Өздерін Қор қызметкерлері немесе делдалдар ретінде таныстыратын күмәнді тұлғалар кәсіпкерлерге несие, субсидия немесе кепілдік алуға көмектесетінін айтып, белгілі бір мөлшерде ақша талап етуі мүмкін. Кейбір жағдайларда олар өтінімді мақұлдатуға, қаржыландыруды жеделдетуге немесе мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысуға кепілдік береміз деп сендіруге тырысады.
Мұндай ұсыныстарға ерекше сақтықпен қарау қажет. Ешбір тұлғаның ақылы делдалдық қызметі қаржылық қолдаудың міндетті түрде берілетініне кепілдік бола алмайды. Күмәнді ұсыныстарға сену азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауына және жеке деректерінің үшінші тұлғалардың қолына түсуіне әкелуі мүмкін.
«Даму» қоры кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға кеңес береді. Қордың консультациялық қызметтері тегін көрсетіледі. Сондықтан Қор атынан әрекет ететінін айтып, кеңес беру, өтінімді рәсімдеу немесе қаржылық қолдау алуға жәрдемдесу үшін ақша талап ететін тұлғалардың ұсыныстарына сенбеген жөн.
Қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін азаматтар мен кәсіпкерлерге жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін, құпиясөздерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу ұсынылады. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғалар жіберген құжаттарға сақтықпен қарау және қандай да бір төлем жасамас бұрын ақпараттың дұрыстығын ресми арналар арқылы тексеру маңызды.
Кәсіпкерлік қызметті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері туралы ақпаратты дұрыс алу — алаяқтықтың алдын алудың маңызды қадамы. Кез келген күмән туындаған жағдайда шешім қабылдауға асықпай, Қордың ресми байланыс арналары арқылы кеңес алған жөн.
Қосымша ақпарат алу және күмәнді әрекеттер туралы хабарлау үшін:
- 1408 — тегін консультация алуға арналған байланыс орталығы.
- senim@fund.kz — күмәнді әрекеттер мен ықтимал алаяқтық фактілері туралы хабарлауға арналған электрондық пошта.
«Даму» қоры азаматтар мен кәсіпкерлерді қырағылық танытуға, өздерінің жеке және қаржылық деректерін қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
Есіңізде болсын: сақтық — қаржылық қауіпсіздіктің негізі. Алаяқтарға алданбаңыз, күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз және ақпаратты тексеруді ұмытпаңыз!
