17–20 қараша күндері Мәскеуде Ресей халықтар достығы университеті (РУДН) алаңында «Цивилизацияның тұрақты дамуы жолында: ынтымақтастық, ғылым, білім, технологиялар. ШЫҰ+ елдерінің 17 ТДМ-ға жету жолы: кешенді тәсіл» атты V халықаралық ғылыми конференция өтті. 18 елден 170-тен астам сарапшы қатысқан форум тұрақты даму, ғылым, технология және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін қамтыды.
Конференцияда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің өкілі, Рае Квон Чунг атындағы Жаңа климаттық экономика және тұрақты даму орталығының директоры Жадра Атырханқызы Шыңғысбаева жасанды интеллектіні биоэкономикада қолдану тақырыбында баяндама жасады. Оның ғылыми тұжырымдары мен ұсынылған концепциясы жоғары бағаланып, форумның назар аударған баяндамаларының бірі ретінде аталды.
Ғалым баяндамасында жасанды интеллект пен биоэкономиканы ұштастыру арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және төмен көміртекті технологияларды дамыту мүмкіндіктерін көрсетті. Негізгі идея – табиғи ресурстардың шектеулілігін жаңа технологиялар мен ғылыми ізденістер арқылы экономикалық мүмкіндікке айналдыру. Бұл тәсіл елдердің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз бола алады.
Биоэкономика биологиялық ресурстар мен ғылыми жетістіктерді пайдалану арқылы экономиканың түрлі салаларын дамытуға бағытталған. Бұл үдерісте жасанды интеллект деректерді талдау, өнімділікті болжау және ресурстарды тиімді басқару құралы ретінде маңызды рөл атқарады. Климаттың өзгеруі мен экологиялық мәселелер жағдайында мұндай технологиялардың маңызы арта түсуде.
Ауыл шаруашылығында цифрлық шешімдер егіс алқаптарының жағдайын бақылауға, су мен тыңайтқышты үнемдеуге, өнім көлемін болжауға мүмкіндік береді. Ал биоэкономикалық тәсілдер қалдықтарды қайта өңдеу мен биологиялық шикізаттан жаңа өнім өндіруді қамтиды. Бұл бағыттардың үйлесуі ғылыми жаңалықтарды нақты өндірістік міндеттерді шешуге қолдануға жол ашады.
Әлемдік ғылыми орталықтармен байланыс пен тәжірибе алмасу Әуезов университетінің халықаралық академиялық кеңістіктегі әлеуетін арттырып, ғылыми жаңалықтардың практикалық қолданысын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай конференциялар зерттеулерді таныстыруға, пікір алмасуға және бірлескен жобалардың жаңа бағыттарын айқындауға жағдай жасайды.
