М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті делегациясының Басқарма Төрағасы – Ректор Д.Ж. Ахмед-Закидің жетекшілігімен Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары аясында ҚХР-ның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Ланьчжоу политехникалық университетінің өкілдерімен кездесу өтті. Келіссөздер Сиань қаласындағы Northwest University of Political Science and Law университетінің базасында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында тараптар университеттер арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын дамыту, сондай-ақ инженерлік-техникалық және пәнаралық бағыттар бойынша қос диплом бағдарламаларын әзірлеу мәселелері қарастырылды.
Келіссөздер аясында жоғары білікті кадрларды даярлау, инновациялар, ғылым және заманауи білім беру технологиялары саласында тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ланьчжоу политехникалық университеті – ғасырдан астам тарихы бар Қытайдың ірі техникалық университеттерінің бірі. Университет инженерия, ақпараттық технологиялар, сәулет, дизайн, менеджмент және жаратылыстану ғылымдарын қоса алғанда 9 академиялық бағыт бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Университет құрамында 18 институт жұмыс істейді, онда 30 мыңнан астам студент білім алады. Сонымен қатар халықаралық білім беру жобалары мен әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулер белсенді түрде дамып келеді.
М. Әуезов атындағы ОҚУ үшін Ланьчжоу политехникалық университетінің инженерия, материалтану, цифрлық технологиялар, энергетика және қолданбалы ғылым салаларындағы жетістіктері ерекше қызығушылық тудырады. Университет халықаралық зерттеу жобаларына және Жібек жолының экономикалық белдеуі аясындағы бастамаларға белсенді қатысады.
Тараптар серіктестікті кеңейтуге, оқытушылар мен зерттеушілердің өзара сапарларын ұйымдастыруға, студенттік алмасуды дамытуға, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыруға өзара мүдделіліктерін растады.
Аталған кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары білім, ғылым және жаңа буынның бәсекеге қабілетті мамандарын даярлау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болды.


