Бүгінгі таңда заманауи білім ордалары тек диплом беріп қана қоймай, жастардың кәсіпкерлік қабілетін ұштап, нарыққа бейімдеуді басты назарға алып отыр. Осы орайда, Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде елеулі шара өтті. Оқу орнының «Ғылым» бөлімінің ұйымдастыруымен студенттердің ғылыми-зерттеу және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған «Студенттердің стартап жобалары: идеядан іске асыруға дейін» атты семинар ұйымдастырылды.
Жиынның басты мақсаты — стартап мәдениетінің қоғам мен жоғары оқу орны үшін маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ жастар арасында отандық ғылымды популяризациялау.
Семинарға Ғылым және инновациялық жұмыстар жөніндегі проректор, техника ғылымдарының докторы, профессор Раимбердиев Талжан Пердешевич, «Ғылым» бөлімінің меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты, доцент Мамадияров Марат Дүйсенович бастаған ғылыми кеңес мүшелері, профессор-оқытушылар құрамы мен жас ізденушілер қатысты.
Басқосу барысында студенттер өздерінің алғашқы стартап жобаларын ортаға салып, таныстырылым жасады. Жас талантыстар өз идеяларының өзектілігін, алдына қойған мақсат-міндеттері мен оларды іс жүзінде қалай жүзеге асыруға болатынын егжей-тегжейлі баяндап берді. Сонымен қатар, қатысушылар инновациялық идеяларды дамыту, стартап құрудың негізгі кезеңдері мен кәсіпкерлік қызметтің қыр-сыры туралы құнды ақпараттарға қанықты.
Шара аясында ерекше жобалар қызу талқыланып, студенттер өзара тәжірибе алмасты. Сала мамандары мен тәжірибелі ғалымдар тарапынан жас бастамашыларға бағыт-бағдар беретін маңызды кеңестер мен ұсыныстар айтылды. Мұнымен қоса, семинарда бүгінгі күні ең өзекті мәселенің бірі — стартаптарды қаржыландыру көздері (инвесторлар тарту немесе мемлекеттік гранттар ұтып алу арқылы) және оларды мемлекеттік деңгейде қолдау бағдарламалары туралы пайдалы мәліметтер ортаға салынды.
Бұл семинар студенттердің шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға, жаңа идеялардың тууына ықпал ететін, болашақта табысты бизнес-жобаларды жүзеге асыруға жол ашатын маңызды диалог алаңына айналды. Ұйымдастырушылар мен оқу орнының басшылығы шара соңында барлық белсенді қатысушыларға алғыс білдіріп, жас ғалымдардың қадамдарына сәттілік тіледі.


