Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы халықаралық Web of Science және Scopus дерекқорларындағы ғылыми жарияланымдары ең көп дәйексөз алған отандық ғалымдардың 2026 жылғы маусым айындағы жаңа рейтингін жариялады. Бұл рейтинг ғылыми еңбектердің сапасы, олардың халықаралық ғылыми қауымдастықтағы ықпалы мен сұранысын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болып саналады.
Биылғы рейтинг қорытындысы бойынша Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің бірқатар оқытушы-ғалымдары еліміздің ең беделді зерттеушілерінің қатарынан көрінді. Бұл – университеттің ғылыми әлеуетінің артып келе жатқанын және халықаралық ғылым кеңістігіндегі орнының нығайып отырғанын көрсетеді.
Гуманитарлық ғылымдар және өнер бағыты, оның ішінде «Тіл және әдебиет» саласы бойынша профессор Маржан Дүйсенова еліміздің үздік зерттеушілері қатарынан орын алып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар, белгілі ғалым Наталья Дмитрюк те халықаралық ғылыми жарияланымдарының жоғары дәйексөзделуінің арқасында көшбасшылар қатарынан көрінді. Ал Галина Абрамова гуманитарлық ғылымдар бағытындағы үздік ғалымдардың қатарына еніп, ғылымдағы табысты еңбегін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жаратылыстану ғылымдары бағытында да университет ғалымдарының жетістігі ерекше. Сәрсенбек Тұртабаев химия ғылымдары бойынша республикадағы жетекші зерттеушілердің бірі ретінде танылып, химия саласында жоғары орынға ие болды. Сонымен қатар, жаратылыстану ғылымдарының жалпы рейтингінде де үздік нәтижелердің қатарынан көрінді. Бұл университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.
Әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша Болғанай Қалдарова халықаралық ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде үздіктер тізімінен орын алды. Ал химиялық инжиниринг саласында Перизат Абдуразова жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, осы бағыттағы жетекші қазақстандық ғалымдардың бірі ретінде танылды.
Халықаралық Web of Science және Scopus базаларындағы жоғары дәйексөз көрсеткіші – ғалымдардың еңбектеріне әлемдік ғылыми қауымдастықтың қызығушылығының дәлелі. Бұл көрсеткіш зерттеулердің өзектілігін, сапасын және олардың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ғылым мен білімді ұштастыра отырып, халықаралық талаптарға сай зерттеулер жүргізуге ерекше көңіл бөліп келеді. Университет ғалымдарының әлемдік рейтингтердегі жоғары көрсеткіштері оқу орнының ғылыми беделін арттырып қана қоймай, Қазақстан ғылымының халықаралық деңгейдегі абыройын нығайтуға да елеулі үлес қосып отыр.
Ғылыми жетістіктер – ұзақ жылғы ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесі. Сондықтан халықаралық рейтингте жоғары орындарға ие болған университеттің барлық оқытушы-ғалымдарын айтулы жетістіктерімен құттықтап, алдағы ғылыми ізденістеріне толағай табыс тілейміз.


