2026 жылғы 1 шілдеде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Корея Республикасының Seoul National University Graduate School of International Agricultural Technology (GSIAT) өкілдерімен ресми кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық, ғылыми-зерттеу және инновациялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру.
Кездесуге М. Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма Төрағасы – ректордың міндетін уақытша атқарушы Ғани Бесбаев, университет проректорлары, құрылымдық бөлімшелер мен факультет басшылары қатысты. Тараптар білім беру, ғылым, академиялық ұтқырлық, бірлескен халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру және білім алушылардың Seoul National University стипендиялық бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында аграрлық технологиялар, су ресурстарын тиімді басқару, орнықты даму, климаттық экономика және жоғары технологиялық инновациялар бағыттарындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Бұл салалар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу және білім беру жобаларын іске асырудың әлеуеті атап өтілді.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – М. Әуезов атындағы ОҚУ мен Seoul National University Graduate School of International Agricultural Technology (GSIAT) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Құжат екі тараптың білім беру және ғылыми-зерттеу байланыстарын кеңейтіп, халықаралық серіктестікті жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында кореялық делегация магистранттармен, докторанттармен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, Аграрлық факультеттің қызметімен танысты. Сондай-ақ оқу-тәжірибелік базалар көрсетіліп, болашақтағы бірлескен жобалар мен ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды.
Seoul National University өкілдерінің сапары М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың халықаралық байланыстарын кеңейту жолындағы маңызды қадам болды. Жаңа серіктестік студенттер мен жас зерттеушілерге шетелдік білім беру бағдарламаларына, академиялық алмасуға және халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға қосымша мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықтың одан әрі дамуы екі университеттің ғылыми әлеуетін ұштастырып, озық тәжірибелерді білім беру үдерісіне енгізуге жол ашады. Сонымен қатар бірлескен зерттеу жобалары мен халықаралық бағдарламалардың іске қосылуы өңірлік мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделеуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етпек.
