Елордамыз Астана қаласында өткен дәстүрлі «Туған күніңмен, Астана!» атты республикалық фестиваль-байқауында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Ақбаян» сән театры айтулы жеңіске жетіп, Шымкент шаһары мен қарашаңырақ оқу орнының мерейін үстем етті. Еліміздің әр өңірінен келген ең үздік шығармашылық ұжымдар бақ сынасқан ауқымды өнер додасында оңтүстіктің жас дизайнерлері мен өнерлі студенттері суырылып шығып, Бас жүлдені иеленді.
Аталмыш мәдени-өнер сайысына барлығы 25 шығармашылық ұжым қатысып, өздерінің төл туындылары мен дизайнерлік шешімдерін қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынды. Тартысты өткен бәсекеде «Ақбаян» сән театры университеттің «Мұра» ұлттық шеберлік орталығының жетекшісі, халықаралық дәрежедегі дизайнер, Қазақстан Республикасы және Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі, сондай-ақ Шымкент қаласы Креативті индустрия ассоциациясының мүшесі Марат Ерімбетовтің «Астана — елімнің жүрегі» деп аталатын эксклюзивті дизайнерлік топтамасын көрсетті. Төл мәдениетіміз бен заманауи сән үлгілері керемет үйлесім тапқан бұл топтама қазылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша Марат Ерімбетовке жеке Кубок пен арнайы Алғыс хат табысталды. Сондай-ақ, коллекцияны жоғары деңгейде сахналап, ұлттық нақышты шебер жеткізе білген Өнер және білім факультетінің студенті Әлима Көлбаеваға және жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға тұрақты түрде жағдай жасап отырған университет басшылығына арнайы Алғыс хаттар берілді.
Айтулы жеңіспен Отан отбасына оралған шығармашыл ұжымды Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек арнайы қабылдап, университет басшылығының атынан ыстық құттықтауын жеткізді:
«Ақбаян» сән театрының Астана төрінде Бас жүлдені иеленуі – бүкіл университетіміз үшін үлкен мақтаныш. Ұлттық құндылықтарды заманауи сән өнерімен ұштастырып, шығармашылық ізденістің биік деңгейін көрсеткен бұл жарқын жетістік – жастарымыздың еңбегі. Осы жеңіске үлес қосқан барша шығармашылық ұжымға алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра беріңіздер!»
Айта кету керек, «Ақбаян» сән театры көп жылдар бойы ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, жас дизайнерлер мен талантты студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға зор үлес қосып келеді. Бұл жеңіс Шымкенттегі жоғары білім ордасының креативті индустрия мен өнерді қолдаудағы жүйелі жұмысының айқын нәтижесі.
