Шымкент қаласындағы жоғары білім мен ғылым саласы халықаралық деңгейге бет бұрды. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында Түркия Республикасының іргелі әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі — Гази университетінің (Gazi Üniversitesi) филиалы ресми түрде өз жұмысын бастады.
Аталмыш ауқымды халықаралық ынтымақтастық аясында отандық білім беру жүйесін жаңғырту және бәсекеге қабілетті жас мамандарды даярлау мақсатында B018 (TR-545) – «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша 100 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Бұл Шымкент өңірінің мен еліміздің талантты жастары үшін халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуға ашылған бірегей мүмкіндік.
Болашақ студенттер үшін бұл бағдарлама бойынша мемлекеттік грант конкурсына қатысудың нақты шарттары бекітілген. Атап айтқанда, құжат қабылдау науқаны 13–20 шілде аралығында жүргізіледі. Талапкерлер мемлекеттік грант конкурсына өтініш беру кезінде ұсынылатын 4 таңдаудың бірі ретінде TR-545 арнайы кодын енгізуі тиіс.
Конкурсқа қатысу үшін Ұлттық біраңғай тестілеудің (ҰБТ) бейіндік пәндері «Дүниежүзі тарихы» және «Ағылшын тілі» болуы шарт. Ал ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл кемінде 100 баллды құрауы керек. Айта кету керек, мамыр, маусым және шілде айларында тапсырылған ҰБТ сертификаттарының барлығы да жарамды деп танылады.
Сондай-ақ, оқуға түсу кезінде IELTS немесе TOEFL сияқты халықаралық тіл сертификаттары міндетті түрде талап етілмейді. Дегенмен, талапкерде мұндай сертификаттардың болуы конкурс барысында қосымша артықшылық беруі мүмкін.
Айта кету керек, бұл халықаралық жоба тек теориялық білім берумен шектелмей, студенттерге заманауи шетелдік әдістемелерді меңгеруге, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға және болашақта халықаралық деңгейде танылатын жоғары білікті шет тілі мамандары болып шығуға жол ашады. Екі елдің жетекші оқытушыларынан дәріс алу арқылы жастар еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті педагогикалық кадр болып қалыптасады.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ мен Түркияның Гази университеті арасындағы бұл бірлескен жоба өңірлік жоғары оқу орындарын халықаралық деңгейде дамытудың, ғылым мен білім саласындағы кооперацияны нығайтудың айқын көрінісі. Халықаралық деңгейдегі сапалы білім алып, Түркияның жетекші ЖОО-ның грант иегері атану мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар. TR-545 кодын таңдап, болашағыңызға сенімді қадам жасаңыз!
