Шымкент қаласындағы іргелі білім ордаларының бірі — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті кезекті тарихи жетістікке қол жеткізді. Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының «Ұлттық рейтингі – 2026» қорытындысы бойынша университет еліміздегі педагогикалық ЖОО-лар санатында бірінші орынды иеленіп, өзінің көшбасшылық орнын тағы бір мәрте айқын дәлелдеді.
Бұл жоғары марапат — білім ордасындағы білім беру сапасының, ғылыми-зерттеу қызметінің, халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, заманауи цифрландыру бағытындағы нәтижелі жұмыстардың және түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрінісі.
Қазақстанның жетекші ЖОО-ларының ұлттық рейтингін IQAA-Ranking (Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттік) 2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіп келеді. Рейтингтің басты мақсаты — талапкерлерге, ата-аналарға, жұмыс берушілерге және мемлекеттік органдарға білім беру ұйымдарының қызметі туралы объективті әрі жан-жақты ақпарат ұсыну, сонымен бірге отандық жоғары білім жүйесінің сапасын арттыруға ықпал ету болып табылады.
Университеттің Аккредитация бөлімінің басшысы Алтынай Тұрлыбекованың айтуынша, рейтингтің қорытынды нәтижесі сандық және беделдік көрсеткіштердің кешенді жиынтығы негізінде қалыптастырылады:
«Бағалау барысында университеттердің білім беру қызметінің сапасы, ғылым мен инновация саласындағы жетістіктері, халықаралық байланыстары, академиялық ұтқырлық көрсеткіштері, цифрлық технологияларды енгізу деңгейі, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы мен мансаптық даму мүмкіндіктері жан-жақты сараланды. Сонымен қатар, бұл бағалауға тәуелсіз сарапшылардың, жұмыс берушілердің, студенттер мен түлектердің пікірлері де тікелей әсер етті», — деп атап өтті ол.
Айта кетерлігі, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың бұл жеңісі өңірдегі педагогикалық кадрлардың сапасын арттыруға және жас мұғалімдердің мәртебесін көтеруге тың серпін береді. Заманауи білім беру инфрақұрылымы, халықаралық қос дипломды бағдарламалар мен ғылыми-зерттеу лабораторияларының дамуы болашақ педагогтарға әлемдік стандарттарға сай білім алуға кең жол ашады. Бұл өз кезегінде Шымкент қаласы мен тұтас оңтүстік өңіріндегі мектептердің оқу сапасын жаңа белеске көтеруге тікелей ықпал етпек.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың бұл жеңісі — профессор-оқытушылар құрамы мен ұжымның табанды еңбегінің, жүйелі реформалардың және болашақ педагог мамандарды даярлаудағы жоғары жауапкершіліктің жемісі. Өңірлік педагогикалық білім ордасының ұлттық деңгейде топ жаруы — еліміздің білім беру саласының әлеуетін арттыруға қосылған қомақты үлес.
