Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Қайрат Балабиев Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловты арнайы қабылдады. Басқосуда мектеп қабырғасында өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру және білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасына «Дәстүртану» пәнін енгізу бастамасы жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында Жеңісбек Мәуленқұлов университет ғалымдарымен бірлесіп әзірленген «Дәстүртану» пәнінің тұжырымдамасын таныстырды. Өз сөзінде ол жаһандану үдерісі мен жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамыған заманауи кезеңде жастардың ұлттық болмысын, тарихи жады мен рухани құндылықтарын сақтап қалудың стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды. Мектеп бағдарламасына енгізілетін бұл жаңа пән оқушылардың салт-дәстүр сабақтастығын терең түсінуіне, ұлттық тамырынан ажырамауына ықпал ететін негізгі тәрбиелік құралға айналмақ.
«Салт-дәстүр — сарқыншақ емес, бұл — біздің болашағымыз. Сондықтан мектептерде «Дәстүртану» пәнін оқыту арқылы балаларымыздың тарихын, әдет-ғұрпын терең меңгеруіне жол ашып, ұлттық тамырынан ажырамауына ықпал етуіміз керек. Бұл — болашақ ұрпақтың бойында берік рухани иммунитет қалыптастырудың төте жолы», — деп атап өтті Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Өз кезегінде университет ректоры Қайрат Рахымұлы ұсынылған бастаманың өзектілігін айтып, жобаны толықтай қолдайтынын білдірді. Педагогикалық ЖОО басшысы ретінде ол оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді, ғылыми-педагогикалық негіздемені жүйелеуді және бұл бастаманы тиісті министрліктер деңгейінде қарастырып, оқу процесіне енгізу бағытында білім ордасы тарапынан кешенді қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Айта кету керек, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ еліміздегі жетекші педагогикалық оқу орны ретінде тек оқулықтар мен бағдарлама әзірлеп қана қоймай, болашақта бұл пәнді мектептерде жоғары деңгейде жүргізетін білікті мұғалімдерді даярлауға да әлеуеті толық жетеді. Этнопедагогика мен ұлттық тәрбие әдістемесін заманауи педагогикалық технологиялармен ұштастыра білетін жаңа буын мамандарын оқыту — мектеп қабырғасында сапалы білім мен саналы тәрбиенің қатар жүруіне берік кепіл болмақ.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ағартушылық жобаларды бірлесе жүзеге асыру, пәннің оқу-әдістемелік кешенін жетілдіру және бұл бағыттағы ғылыми-практикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту бойынша уағдаласты. Мұндай қадам мектеп оқушыларының бойында отаншылдық пен ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға тың серпін бермек.
