2026 жылғы 8 тамызда Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «SHYMKENT IT CITY FORUM» халықаралық форумы жоғары деңгейде өтті. «Қазақстанның технологиялық егемендігі: адамдар, технологиялар, халықаралық әріптестік» тақырыбын арқау еткен маңызды іс-шара заманауи технологияларды дамыту, цифрлық трансформация, білім мен ғылымды интеграциялау, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Форумға отандық және шетелдік сарапшылар, IT саласының мамандары, бизнес өкілдері, ғалымдар, білім беру ұйымдарының басшылары мен университет қауымдастығы қатысты. Іс-шара барысында Веселин Бойчев, Панчо Панев, Сүлейменов Қанат Балтабайұлы, Әлімғазин Алтай Шүкімбайұлы, Қасенов Данияр Қайыржанұлы, Қозыкеев Тимур Нұржанұлы және Асылбек Лаура секілді спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сарапшылар цифрлық технологиялардың даму үрдістері, Industry 4.0 тұжырымдамасы, цифрлық егіздер, BIM технологиялары, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және инновациялық технологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Қатысушылар үшін бұл бағыттар бойынша тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен іскерлік байланыстар қалыптастыруға мүмкіндік берілді.
Форум бағдарламасы аясында пленарлық отырыс пен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, SHYMKENT IT CITY жобасын дамытудың басым бағыттары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар перспективалы бастамалар мен пилоттық жобаларды іске асыру, жауапты жұмыс тобын қалыптастыру және алдағы кезеңдегі бірлескен жұмыстардың нақты жоспарын айқындау мәселелері қарастырылды. Бұл шешімдер өңірдегі IT экожүйені жүйелі дамытуға және жаңа технологиялық жобаларды қолдауға бағытталған маңызды қадам болды.
Форумды Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті (ректор – Куатбекова Рабига Абдумусаевна) және Parasat бизнес клубы (Елікбай Токбергенов) бірлесіп ұйымдастырды.
«SHYMKENT IT CITY FORUM» – білім, ғылым, бизнес және технология салаларының өкілдерін бір алаңға тоғыстырған маңызды халықаралық іс-шара. Форум жаңа идеялар мен тың бастамаларды талқылауға, халықаралық әріптестікті нығайтуға және Шымкент қаласының заманауи технологиялық орталық ретінде дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты.
Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті инновациялық бастамаларды қолдауға, IT экожүйені дамытуға, жас ұрпақтың технологиялық әлеуетін арттыруға және білім мен ғылымның өндіріс пен заманауи технологиялармен сабақтастығын нығайтуға әрдайым ашық.
