Алматы қаласында Almaty Regional Youth Forum 2026 өңірлік жастар форумы өз жұмысын бастады. Форумды Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі мен Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Өңірлік алаң Орталық Азия елдерінің жас көшбасшыларын, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, жеке сектордың және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен жастардың белсенділігін арттыруға, тұрақты дамуды ілгерілетуге және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Форум бағдарламасы аясында жоғары деңгейдегі панельдік пікірталастар, практикалық воркшоптар, табысты тұлғалармен мотивациялық кездесулер және жастар арасында өткен республикалық байқау нәтижесінде іріктелген 29 әлеуметтік жобаның көрмесі ұйымдастырылды. Форум аясындағы «Жаңа буынды қалыптастырудағы университеттердің рөлі» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі панельдік сессияға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Стратегиялық даму және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек қатысты.
Проректор Шымкент жастарының әлеуеті және университеттердің жаңа буын көшбасшыларын қалыптастырудағы рөлі туралы пікір білдіріп, академиялық біліммен қатар жастардың бойында азаматтық жауапкершілік, көшбасшылық, сыни ойлау, командалық жұмыс, бастамашылдық және әлеуметтік белсенділік сияқты маңызды құзыреттерді дамыту қажеттігін атап өтті. Форум жастардың әлеуетін арттыруға, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға және өңірлік деңгейде жастар бастамаларын қолдауға бағытталды.
Сессия барысында жоғары оқу орындарының жастардың білім алуына ғана емес, олардың ғылыми, кәсіби және қоғамдық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды орта екені айтылды. Бүгінде университеттер заманауи білім беру бағдарламаларын енгізіп, студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беруде. Осы бағытта жоғары оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасу мен өзара ынтымақтастықты күшейтудің маңызы зор.
Сонымен қатар өңірдегі жоғары білім беру ұйымдарының жастар бастамаларын қолдауы жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашатыны атап өтілді. Университеттерде студенттер мен жас зерттеушілердің жобаларын дамытуға, ғылыми ізденістерге қатысуына және түрлі білім беру алаңдарында тәжірибе жинақтауына жағдай жасау маңызды. Мұндай жұмыстар жастардың әлеуетін толық ашып, олардың ғылымға, білімге және инновацияға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Форум алаңында жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, университеттер арасында тәжірибе бөлісу және жастарға арналған тиімді бастамаларды бірлесіп іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Өңірлік және халықаралық деңгейдегі осындай кездесулер жоғары оқу орындарының өзара байланысын нығайтып, білім мен ғылым саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға серпін береді. Бұл өз кезегінде Шымкент жастарының білім, ғылым және қоғамдық бастамалар бағытында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне ықпал етпек.
