Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары: Тәшенев университеті шотландиялық әріптестерімен бірлескен жобаларды талқылады
Ж.А. Тәшенев атындағы университетке Шотландияның Данди қаласындағы Аберти университетінің (Abertay University) өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келді.
Кездесудің негізгі мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, білім беру саласындағы озық тәжірибемен алмасу және цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік пен бизнес-білім беру бағыттарындағы бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін талқылау.
Тәшенев университетінің ректоры Жанар Рысбекова шетелдік қонақтарды қарсы алып, университеттің қазіргі даму бағыты, білім беру бағдарламалары, ғылыми әлеуеті және халықаралық серіктестік мүмкіндіктері туралы таныстырды.
Шетелдік делегация құрамында білім сапасын қамтамасыз ету және кәсіби біліктілікті арттыру бағытының жетекшісі, криминология бойынша аға оқытушы Уильям Грэм (William Graham), факультеттік серіктестіктер жетекшісі, киберқауіпсіздік бойынша оқытушы Гэвин Хейлз (Gavin Hales) және Данди бизнес мектебінің оқытушысы Гонсало Форгес-Пуччо (Gonzalo Forgues-Puccio) болды.
Қонақтар университеттің заманауи инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, Коворкинг-орталық пен кітапхананың жұмысы, студенттерге арналған бейресми білім беру мүмкіндіктері көрсетілді.
Сондай-ақ шетелдік әріптестер Тәшенев университетінің Жасанды интеллект зертханасына барып, мұнда жүзеге асырылып жатқан заманауи технологиялық жобалармен танысты. Университеттің IT және жаратылыстану ғылымдары бағытындағы ғылыми-білім беру әлеуеті, студенттердің жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды практикалық тұрғыда меңгеруіне арналған мүмкіндіктер таныстырылды.
Визит бағдарламасының маңызды бөлігі – Tomorrow School жобасының Шымкенттегі жұмысына арналған таныстырылым болды. Қонақтарға жобаның қызметі мен жастарға заманауи цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған мүмкіндіктері көрсетілді.
Кездесу барысында Тәшенев университетінің білім беру жүйесі, халықаралық байланыстары, цифрлық трансформациясы және перспективалық даму бағыттары туралы презентация жасалды.
Тараптар жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бизнес-білім беру, академиялық әріптестік және тәжірибе алмасу бағыттарында өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.
«Бүгінгі таңда халықаралық білім беру кеңістігінде университеттер арасындағы ынтымақтастық тек академиялық алмасумен шектелмейді. Бірлескен зерттеулер, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялық білім беру модельдері – стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыттары. Тәшенев университеті халықаралық тәжірибені енгізуге, білім мен ғылымның жаңа бағыттарын дамытуға және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрдайым ашық», – деді Ж.А. Тәшенев атындағы университетінің ректоры Жанар Рысбекова.
Сапар соңында тараптар естелік суретке түсіп, өзара сыйлықтар табыстады.
Шотландияның жетекші университеттерінің бірімен байланыс орнату – Тәшенев университетінің халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын нығайтып, білім мен технология саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам.
