Шымкент қаласында Білім күні мен жаңа оқу жылының басталуына орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттеріне салтанатты түрде Шымкент қаласы әкімінің арнайы білім гранттары табысталды. Ауқымды әрі мерекелік іс-шара қаладағы ең еңселі мәдени орталықтардың бірі – «Қызғалдақ сарайында» өтті.
Биылғы оқу жылында өңірдегі байырғы білім ордасы саналатын бұл университетке білім беру бағдарламаларының барлық деңгейі бойынша 3 020 талапкер қабылданды. Оның ішінде бакалавриат жүйесі бойынша білім алуға түскен 2 439 жастың 529-ы жалпыұлттық мемлекеттік грантты жеңіп алса, 91 студент Шымкент қаласы әкімінің арнайы грантына ие болды. Мұндай қолдау – өңірдегі дарынды да талапты жастардың сапалы білім алуына, келешекте сұранысқа ие кәсіби маман болуына жасалған нақты мемлекеттік қамқорлықтың айқын дәлелі.
«Қызғалдақ сарайында» өткен жиынға қала әкімдігінің өкілдері, университет профессор-оқытушылар құрамы, білім саласының ардагерлері мен студенттердің ата-аналары қатысты. Салтанатты жиында Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Ә. Әбдәкімов сөз сөйлеп, студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Өз сөзінде ол өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруда педагогикалық бағыттағы мамандарды даярлаудың стратегиялық маңызы жоғары екенін баса айтты.
– Бүгінгі таңда өңірлік ЖОО-ларды дамыту мен білім саласының сапасын жаңа деңгейге көтеру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Қала әкімінің гранты – тек қаржылай көмек қана емес, бұл – сіздерге жүктелген үлкен үміт пен жауапкершілік. Болашақ мұғалімдер мен зерттеушілерге сапалы білім беру арқылы біз ұлттың интеллектуалды әлеуетін қалыптастырамыз, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Жиын барысында жастарға университет қабырғасында тек теориялық білім алумен шектелмей, ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене араласу керектігі айтылды. Бүгінгі таңда өңірде жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдаудың кешенді шаралары іске асуда. Университет жанынан құрылған заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтар студенттердің студенттік шақтан бастап ғылымға қадам басуына кең мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, кездесуде студенттерді қоғамдық жұмыстарға, волонтерлік қозғалыстарға, спорттық және шығармашылық жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Қазіргі заманда бәсекеге қабілетті болу үшін тек кәсіби білім жеткіліксіз. Бүгінгі студент шет тілдерін меңгерген, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын еркін қолдана алатын, сыни ойлай білетін әмбебап маман болуы тиіс.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың даму стратегиясы да осы заманауи талаптарға толық сай келеді. Университетте жоғары оқу орындары арасындағы өзара ғылыми кооперацияны дамыту, халықаралық және отандық ғылыми-зерттеу институттарымен байланысты нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде өңірлік ғылымды танымал етуге, жергілікті ғалымдардың ғылыми жетістіктерін қоғам арасында кеңінен ілгерілетуге үлкен серпін береді.
Салтанатты жиын соңында грант иегерлеріне куәліктер тапсырылып, университет студенттерінің дайындаған мерекелік концертіне ұласты. Қала әкімдігі тарапынан көрсетілген бұл қолдау білім сапасын арттырып, Шымкент қаласының ғылыми-ағартушылық потенциалын жаңа белеске көтерері сөзсіз.
