Жоғары білім беру жүйесін модернизациялау және өңірлік университетттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру — отандық білім беру саласының басты басымдықтарының бірі. Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласындағы білім ордасында оқу процесін тиімді ұйымдастыру, білім сапасын көтеру және студенттерге қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, университет Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек тиісті департаменттер, құрылымдық бөлімдер мен орталық басшыларымен, сондай-ақ «Мұра» халықаралық штаб-офисінің мамандарымен арнайы жұмысшы кездесу өткізді.
Ауқымды жиын барысында жаңа оқу жылына арналған стратегиялық жұмыс жоспарлары сараланып, алдағы кезеңге белгіленген негізгі міндеттер мен басым бағыттар егжей-тегжейлі талқыланды. Басқосуда әсіресе білім алушыларға қолайлы әлеуметтік-академиялық орта қалыптастыру, университет инфрақұрылымын дамыту, стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру және бекітілген жоспарлардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше басымдық берілді.
Кездесу барысында проректор Баршагүл Қашқынқызы сөз сөйлеп, әрбір құрылымдық бөлімнің жаңа оқу жылындағы жауапкершілігіне тоқталды:
«Жаңа оқу жылы – алдымызға жаңа міндеттер қоятын маңызды кезең. Әр құрылым өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауға басымдық беруі қажет. Жұмысты жоспарлау барысында университеттің стратегиялық мақсаттары мен білім алушылардың мүддесі басты назарда болуы тиіс. Алдағы уақытта әрбір бастама нақты нәтижеге бағытталып, жаңа оқу жылын жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосуы керек», – деп атап өтті.
Жиын барысында жауапты құрылым басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар міндеттер белгіленді. Сонымен қатар, департаменттер мен бөлімдер арасындағы өзара тығыз байланысты күшейту, жоспарланған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру және қойылған тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.
Кездесу қорытындысында жаңа оқу жылындағы академиялық және әлеуметтік жұмыстарды уақтылы әрі сапалы ұйымдастыру, оқу орнының даму мақсаттарына сәйкес нақты нәтижелерге қол жеткізу бойынша тиісті бөлімдерге нақты міндеттер жүктелді. Шымкентте өңірлік жоғары білім беру саласын дамыту және студенттерге сапалы білім беруге жағдай жасау бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.
