Қазақстанда отандық ғылымды дамыту, жас зерттеушілердің әлеуетін арттыру және өңірлік ғылыми мектептерді мемлекеттік деңгейде қолдау бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осы орайда, Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуеті жыл санап артып, жергілікті ғалымдардың еңбегі республикалық дәрежеде жоғары бағаланып келеді.
Сондай қуанышты жаңалықтардың бірі – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің жас ғалымы, Ph.D., қауымдастырылған профессор Райымбеков Еркебұлан Батырбекұлының Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесі Президиумының құрамына енгізілуі болды.
Бұл маңызды оқиға – жас зерттеушінің көпжылдық табанды еңбегінің, терең ізденісінің жемісі әрі отандық ғылыми қауымдастық тарапынан берілген жоғары баға. Сонымен бірге, бұл жетістік М. Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың ғылыми-зерттеу базасының пәрменділігін және өңірде бәсекеге қабілетті жас кадрлардың қалыптасып келе жатқанын айқын дәлелдейді.
Еркебұлан Батырбекұлының ғылыми-зерттеу қызметі бүгінгі таңда ең өзекті болып табылатын бағыттарды қамтиды. Олардың қатарында:
• Жасыл химия және тұрақты технологиялар: Қоршаған ортаға зиянсыз, ресурстарды үнемдейтін жаңа химиялық процестерді әзірлеу;
• Су жүйелерін зерттеу және экология: Өңірдегі және елдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мен тазарту технологияларын жетілдіру;
• Инновациялық материалдарды әзірлеу: Өндіріске қажетті жаңа функционалдық материалдардың физикалық-химиялық қасиеттерін зерттеу.
Жас ғалым отандық ғылымды дамытуға, халықаралық беделді ғылыми басылымдарда мақалалар жариялауға, шетелдік зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты кеңейтуге және студенттер мен магистранттарды ғылымға баулуға белсенді түрде үлес қосып келеді.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі Президиумы құрамындағы жаңа қызметінде Еркебұлан Райымбеков жас зерттеушілердің бастамалары мен жобаларын ілгерілетуге, өңірлік ЖОО-лар мен Ұлттық академия арасындағы байланысты нығайтуға атсалысады. Сонымен қатар, жас ғалымдарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын тиімді етуге және отандық ғылымның жаңа мүмкіндіктерін ашуға өз үлесін қосады.
Өңірлік ғалымдарымыздың бұл сияқты жетістіктері жас буынға үлкен серпін берері сөзсіз. Әріптесімізді жауапты қызметімен құттықтай отырып, ғылыми ізденістеріне толағай табыс, тың идеялар мен жаңа биіктерді бағындыруды тілейміз!
