Жаңа Конституцияның 26-бабында әркімнің заңды түрде алған мүлкін жеке меншігінде ұстауға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне құқығы бекітілген.
Бұл норма азамат үшін нені білдіреді? Ең алдымен, адам өз қабілеті мен мүмкіндігіне сүйене отырып, заң талаптарын сақтай отырып кәсіп бастауға, мүлік иеленуге және экономикалық қызметпен айналысуға конституциялық құқыққа ие.
Бұл қағидат Түркістан облысының қазіргі экономикалық дамуымен тікелей үндеседі.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 16 234 шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорны тіркелген. Оның саны бір жылда 3,7%-ға артқан. Ал 2026 жылғы қаңтар–тамызда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,135 трлн теңгеге жетті.
Яғни Конституцияда бекітілген кәсіпкерлік еркіндік өңірдегі нақты экономикалық белсенділікпен сабақтасып отыр.
Кәсіпкерлік – азаматтың өз әлеуетін жүзеге асыруына, жаңа жұмыс орындарын ашуына және өңір экономикасына үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды тетік.
