Шымкент қаласындағы білім мен ғылымның қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде тағылымды кездесу өтті. Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген оқу орнының дамуына өзіндік өрнегін қалдырған ардагер-ұстаз, білікті педагог Орақ Шәмшіұлы Ашировпен арнайы кездесті.
Орақ Шәмшіұлы – саналы ғұмырын жастарға сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруге арнап, университеттің қабырғасында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен тұлға. Ол тек аудиторияда дәріс оқып, білім берумен шектелмей, оқу орнының қоғамдық-мәдени және спорттық өміріне де белсене араласып, жастарды саламатты өмір салтына баулуға зор үлес қосты. Университеттің инфрақұрылымы мен білім беру сапасын арттырудағы оның тынымсыз еңбегі әріптестері мен шәкірттері арасында әрдайым жоғары бағаланады.
Самими де жылы жағдайда өткен жүздесуде университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі, өңірлік жоғары білім мен ғылымды дамыту бағытындағы жаңашылдықтар, заманауи зерттеу жобалары және ең бастысы – ұстаздар мен шәкірттер арасындағы сабақтастық мәселелері кеңінен әңгіме арқауына айналды. Ардагер-ұстаз өз кезегінде өткен жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, оқу орнының қалыптасу кезеңдеріндегі қызықты сәттерді еске алды. Сонымен қатар, университеттің қазіргі таңдағы даму қарқынына, білім беру бағдарламаларының сапасына оң бағасын беріп, келешекке арналған стратегиялық жоспарлар төңірегінде өз пайымын білдірді.
Ректор Мұхтар Төлеген ардагер-ұстаздың оқу орнының іргетасын қалауға және оның зерттеу университеті мәртебесіне жетуіне қосқан айрықша үлесін ерекше атап өтті. – «Біздің университеттің бүгінгі жетістіктері мен биік белестері – сіздер сияқты ардагер-ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен төккен терлерінің жемісі. Ардагерлерімізге құрмет көрсету, олардың бай өмірлік және кәсіби тәжірибесін кейінгі жас буынға үлгі ету – біздің басты міндетіміз. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейтін жерде ғана сапалы білім мен шынайы ғылым салтанат құрады», – деді оқу орнының басшысы.
Кездесу соңында ректор Мұхтар Төлеген оқу орны ұжымының атынан ардагер-ұстаз Орақ Шәмшіұлына зор денсаулық, уақытпен өлшенбейтін ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық және бақ-береке тілеп, ізгі лебізін білдірді. Өз кезегінде ардагер де университет ұжымына алғысын айтып, оқу орнының өркендей беруіне ақ батасын берді.
