Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданында «Хамро ата» ЖШС-нің «TABIGI MAY» мақта майын өңдеу зауытының ашылу рәсіміне қатысып, өңір тұрғындарын Республика күнімен құттықтады. Ол отандық өндірісті дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңыздылығына тоқталды.
«Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында мақта майын өңдейтін жаңа зауыттың ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өнімді терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл зауыт – сол тапсырмалардың іс жүзінде жүзеге асуының айқын дәлелі. Түркістан облысы – еліміздегі мақта өсіретін стратегиялық өңір. Біздің басты мақсатымыз – шикізатты сыртқа шығарумен шектелмей, өз жерімізде терең өңдеп, қосымша құны жоғары дайын отандық өнім өндіру. Бүгінгі зауыт өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады деп сенемін. Жаңа зауыттың жұмысына береке, өнімділік пен сәттілік тілеймін!
Отандық өнімдеріміз ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, «Қазақстанда жасалған» брендімен шетелдік нарықтарда да биіктен көрінсін. Өңіріміз дамып, еңбегіміз жана берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Нұралхан Көшеров.
«Хамро ата» ЖШС-нің «TABIGI MAY» мақта майын өңдеу зауытының жобалық құны – 1,5 млрд теңге. Жоба аясында 36 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Мақтаарал ауданында мақта шикізатын өңдеу көлемін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасын нығайтуға ықпал етеді.
