Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Жаңа кодекс аясында қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу, төлеу және салық төлеушілерді тіркеу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістер салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге, салық жүйесінің ашықтығын арттыруға және салық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚҚС мөлшерлемесі өзгерді
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл мөлшерлеме, заңнамада өзгеше көзделмесе, салық салынатын айналым мен салық салынатын импортқа қолданылады.
Сонымен қатар жекелеген тауарлар мен қызметтерге төмендетілген мөлшерлемелер және ҚҚС-тан босату бойынша арнайы талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың белгілі бір санаттарына 2026 жылдан бастап 5 пайыздық, ал 2027 жылдан бастап 10 пайыздық мөлшерлеме көзделген. Отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу бойынша 10 пайыздық мөлшерлеме белгіленген.
ҚҚС бойынша тіркеу тәртібі
2026 жылдан бастап ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу тәртібі жаңартылды. ҚҚС бойынша тіркеу ерікті, міндетті және шартты түрде жүзеге асырылады.
Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын салық төлеушілер үшін міндетті тіркеу шегі күнтізбелік жыл ішінде 10 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленген. 2026 жылғы айлық есептік көрсеткішті ескере отырып, бұл сома 43 250 000 теңгені құрайды.
Белгіленген шектен асқан жағдайда, салық төлеуші заңнамада көзделген мерзімде ҚҚС бойынша тіркеу есебіне тұруға міндетті. Бұл талаптарды уақтылы орындау кәсіпкерлерге салықтық тәуекелдердің алдын алуға және заңнама талаптарын сақтауға мүмкіндік береді.
Салықтық міндеттемелерді уақытылы орындау маңызды
ҚҚС төлеушілер салық салынатын айналымдарды дұрыс айқындауға, электрондық шот-фактураларды заңнамаға сәйкес рәсімдеуге, салық есептілігін белгіленген мерзімде ұсынуға және салықтарды уақытылы төлеуге міндетті.
Сондай-ақ 2026 жылдан бастап ҚҚС сомасын есепке жатқызу тәртібі жаңартылды. Атап айтқанда, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызу тиісті талаптарды сақтай отырып, оларды нақты алған күніне байланысты жүзеге асырылады. Импорттық операциялар мен резидент емес тұлғалардың қызметтері бойынша есепке жатқызудың арнайы тәртібі көзделген.
Салық төлеушілерге өз қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, салық есебін жүргізу тәртібін қайта қарап, қолданыстағы заңнама талаптарын басшылыққа алу ұсынылады.
Салық сауаттылығы – жауапты кәсіпкерліктің негізі
Салық заңнамасындағы өзгерістерді білу және оларды дұрыс қолдану кәсіпкерлер үшін маңызды. Салық міндеттемелерін уақытылы орындау мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыруға, көлеңкелі экономиканың алдын алуға және адал бәсекелестік ортаны дамытуға ықпал етеді.
Осыған байланысты салық төлеушілерді қолданыстағы салық заңнамасының талаптарын сақтауға, есептілікті дұрыс жүргізуге және өздерінің салықтық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Бекасыл МАҚСАТҰЛЫ,
Шымкент қаласы, Тұран ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салықтық әкімшілендіру және камералдық монитроинг бөлімінің бас маманы.
