Шымкент қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде кезекті оқу жылы сәтті аяқталып, білім ордасының факультеттерінде түлектерге диплом табыстау салтанатты іс-шаралары өтуде. Отандық білім мен ғылымның дамуына өзіндік үлес қосатын жас мамандар салтанатты жағдайда үлкен өмірге жолдама алды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын алқалы жиын бұл жолы да жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Университеттің біршама факультеттерінде білім алған студенттер көптен күткен кәсіби құжаттарын қолдарына алып, ұстаздары мен ата-аналарының ақ батасын алды.
Педагогика саласындағы іргелі бағыттардың бірі болып табылатын Физика-математика факультетінің түлектеріне диплом табыстау аталған білім ордасы үшін ерекше оқиғаға айналды. Нақты ғылымдарды серік етіп, болашақ мектеп қабырғасында заманауи технологиялар мен жаңаша оқыту әдістерін енгізуге дайын жас мамандарға факультет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы ақ жол тіледі. Сондай-ақ, оқуда озық болып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысқан үздік студенттерге ерекше үлгідегі дипломдар тапсырылды.
Ғылыми-зерттеу потенциалы жоғары Жаратылыстану факультеті де өзінің кезекті түлектерін салтанатты түрде шығарып салды. Биология, химия, география және экология бағыттары бойынша білім алған жас ғалымдар мен болашақ педагогтар университеттің ғылыми базасы мен зертханаларында алған білімдерін енді өңірдегі және республикадағы білім беру ұйымдарында іске асырмақ. Факультет деканаты түлектердің ғылымдағы жетістіктеріне тоқталып, болашақ кәсіби жолдарында сәттілік тіледі.
Университеттің мерейін үнемі үстем етіп жүретін Дене шынықтыру және спорт факультетінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі де жоғары рухта өтті. Түлектердің арасында халықаралық және республикалық жарыстардың чемпиондары, спорт шеберлері мен салауатты өмір салтын насихаттайтын жас мамандар бар. Салтанатты жиында сөз алған ұстаздар қауымы спортшы-студенттердің оқу мен спортты қатар алып жүргенін жоғары бағалап, еліміздің дене шынықтыру саласын дамытуға қосар үлестері зор екенін атап өтті.
Сондай-ақ, рухият пен тіл білімінің қарашаңырағы — Филология факультетінің түлектеріне де диплом табыстау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ана тіліміздің, әдебиетіміздің және шет тілдерінің майталмандары болатын жас педагогтар мен филологтарға арналған шара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Түлектер де өз кезегінде білім берген білікті оқытушыларына шексіз алғыстарын білдірді.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ұжымы барша жас мамандарды білім ұясын сәтті аяқтауымен құттықтайды. Бұл шаралар — университеттің өңірлік білім мен ғылым саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етудегі жүйелі жұмысының айқын дәлелі. Жас түлектердің алдағы еңбек жолдары ақжолтай болып, ел үмітін ақтай береді деген сенім мол.
