Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті Әсемай Шырынбек халықаралық деңгейде үлкен жеңіске жетті. Ол Малайзияда орналасқан беделді Xiamen University оқу орнының магистратура грантын жеңіп алып, отандық жастардың интеллектуалдық әлеуеті мен білім деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Xiamen University Malaysia — Қытай халық республикасы үкіметінің тікелей қолдауымен ашылған элиталық жоғары оқу орынының алғашқы шетелдік кампусы болып табылады. Дүбірлі бәсекеде дараланған Әсемай аталған білім ордасының «Culture and Communication» бағдарламасына қабылданды. Бұл білім беру бағдарламасы заманауи коммуникация теориялары, мәдениетаралық байланыстар мен медиа талдау сияқты өзекті салаларды қамтиды.
Халықаралық грантқа іріктеу кезеңінде Әсемайдың университетті қабырғасындағы жоғары академиялық үлгерімі, сондай-ақ IELTS емтиханынан алған жоғары көрсеткіші шешуші рөл атқарды. Бұдан бөлек, шетелдік профессорлармен өткен арнайы сұхбаттасу кезеңінде ол өзінің терең білімін, кәсіби дайындығы мен коммуникативтік шеберлігін жоғары деңгейде көрсете білді.
Әсемай Шырынбек бұған дейін де оқудағы ізденісімен танылған дарынды студенттердің бірі. Ол IQanat олимпиадасының республикалық кезеңінде топ жарған. Сонымен қатар, ол ауыл балаларының ағылшын тілін тегін үйренуіне мүмкіндік беретін «TwinsTeach» онлайн курсын құрып, қоғамдық-әлеуметтік жауапкершілігін де айқын танытты. Жас ғалымның тағы бір елеулі еңбегі — әлемге танымал физик Стивен Хокингтің «Ғалам туралы екі ауыз сөз» еңбегін қазақ тіліне аударғандардың бірі болуы. Бұл аударма ірі маркетплейстерде таралып, қазақ оқырмандарының ғылыми көкжиегін кеңейтуге өз үлесін қосты.
Болашақта шетелде алған халықаралық білімі мен жинақтаған медиа-коммуникациялық тәжірибесін елімізге келіп жүзеге асыруды мақсат еткен Әсемайдың бұл жетістігі — өзге де студенттерге үлкен серпін берері сөзсіз. Оның кәсіби ізденісі өңірлік педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыруға және жас ғалымдар мен зерттеушілердің әлемдік ғылыми кеңістікке белсенді интеграциялануына айқын мысал бола алады.
Әсемай Шырынбектің бұл жетістігі — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың білім беру сапасының, студенттерге жан-жақты жағдай жасауының және жас таланттарды жүйелі түрде қолдауының айқын көрінісі. Өңірлік ЖОО түлегінің халықаралық деңгейге көтерілуі — бүкіл Қазақстанның бәсекеге қабілетті интеллектуалдық капиталын арттырудың жарқын үлгісі.
