Шымкент қаласындағы іргелі орта кәсіптік білім ордаларының бірі — Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде «Graduation – 2026» салтанатты диплом табыстау рәсімі болып өтті. Білім ордасын биыл 277 жас маман ойдағыдай тәмамдап, еңбек нарығына қадам басты. Ал сапалы білімі мен белсенділігімен дараланған 17 түлекке «Үздік диплом» салтанатты түрде табыс етілді.
Мерекелік жиынды колледж директоры Ажар Серіковна Арынбекова ашып, түлектерді оқуды сәтті аяқтауларымен құттықтады. Ол өз сөзінде жастардың білім жолындағы табандылығы мен жетістіктеріне тоқталып, болашақ мамандарға ақ жол тіледі. Сондай-ақ, үздік диплом иегерлерін арнайы марапаттап, бала тәрбиелеп, білім алуына қолдау білдірген ата-аналарға шексіз алғысын жеткізді.
Салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан құрметті қонақтар да жас мамандарға жылы лебіздерін білдіріп, дипломдарын табыстады. Атап айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова «Автомобиль көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығының түлектеріне диплом тапсырса, Абай ауданы бойынша Мансап орталығының басшысы Дария Ордабаева «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бітірушілерін марапаттады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының кеңесшісі Серікбай Оңбаев пен лейтенант Дамира Жалмұрзаева «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының түлектеріне, сондай-ақ Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі Марғуба Мұхтарқызы, мектеп директоры Майра Мамахова және PhD докторы Маржан Абдуалиева түрлі бағыттағы жас мамандарға дипломдарын табыс етті.
Мерекелік кеш колледждің белсенді студенттері Жұлдыз Абдураимова мен Нұрислам Базарбайдың әсерлі музыкалық тартуымен жалғасып, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айта кету керек, бүгінгі таңда еңбек нарығында техникалық және кәсіптік білімі бар білікті кадрларға сұраныс жоғары. Заманауи бағдарламалау, көлік тасымалы және дене шынықтыру бағыттары бойынша сапалы білім алған жас мамандар өңірдегі өндіріс, білім беру мен қызмет көрсету салаларының дамуына соны серпін бермек. Орта кәсіптік білім ордаларының әлеуметтік серіктестермен және жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істеуі — түлектердің оқудан кейін бірден жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік туғызып отыр.
Биыл Шымкент қаласындағы 37 колледжден 14 мыңнан астам жас маман диплом алып шықты. Түлектер енді өңірдегі еңбек нарығына белсене араласып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосатын болады.
