Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы колледжге филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Қалыбекова директор болып тағайындалды.
Сәуле Қалыбекова 1995 жылы М. Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын педагог ретінде бастап, кейін Шымкент қалалық білім бөлімінде әдіскер, 2006–2022 жылдары Шымкент қаласындағы №80 IT мектеп-лицейінің директоры қызметтерін атқарған. 2022–2025 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің бөлім басшысы, 2026 жылдан бастап Академик Е. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметін атқарып келді.
Білім беру саласындағы елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен және бірқатар кәсіби марапаттармен наградталған. 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегері атанып, Финляндияда тағылымдамадан өткен. Білім беру саласында жалпы 30 жылдан астам еңбек өтілі, педагогикалық және басқарушылық тәжірибесі мол маман.
Айта кету керек, өңірлік білім беру саласында заманауи басқару стандарттарын енгізу және білім сапасын арттыру — негізгі басымдықтардың бірі. Жұмыс барысында Финляндияның озық педагогикалық тәжірибесі мен халықаралық білім беру модельдерін жергілікті колледж жүйесіне бейімдеу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жас зерттеушілер мен студенттердің ғылыми-шығармашылық потенциалын ашуға, техникалық және кәсіптік білім беруді жаңа деңгейге көтеруге зор серпін береді.
Бұған дейін колледж директоры қызметін абыроймен атқарған Жанна Мерекеқызы зейнет жасына байланысты құрметті демалысқа шықты.
Колледждің жаңа директоры ұжымға кезекті Басқарма отырысының мәжілісінде таныстырылды. Жиында сондай-ақ, университет проректорлары өздері жетекшілік ететін сала бойынша 2026-2027 жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары туралы баяндады. Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев сала проректорларына жұмыс барысын ең алдымен ашықтық, заң мен тәртіп, академиялық еркіндік аясында үйлестіруді талап етіп, орын алған кемшіліктер бойынша атқарылуы тиіс шараларды нақты уақыт аралығында жүзеге асыруды тапсырды.
Сонымен қатар, басқосуда өңірдегі білім мен ғылымды интеграциялау, яғни университет пен колледж арасындағы сабақтастық пен кооперацияны нығайту мәселесі кеңінен сөз болды. Жаңа оқу жылында студенттерді ғылыми-зерттеу жобаларына тарту, академиялық адалдық принципін берік ұстану және өңірлік ғалымдардың жетістіктерін халық арасында кеңінен насихаттау бойынша нақты міндеттер айқындалды. Бұл бастамалар Шымкент қаласының білім беру экожүйесін бәсекеге қабілетті етуге бағытталған.
