Шымкент қаласында өңірлік білім беру жүйесін жетілдіру, жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы сабақтастықты арттыру бағытында кешенді жұмыстар белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен Қаратау ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі (НИШ) арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа сапалық деңгейге көтерілмек.
Тараптар білім беру, ғылыми-әдістемелік және тәжірибелік бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында университеттің ресми залында арнайы кездесу өткізді. Маңызды іс-шара барысында екіжақты ынтымақтастық меморандумына Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев пен Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Лаура Байтоқаева салтанатты түрде қол қойды.
Айта кету керек, аталған екі білім ордасы арасында бұған дейін де өзара тиімді, тығыз байланыс қалыптасқан болатын. Соның нақты дәлелі ретінде өткен кезеңде университеттің 100-ге жуық студентінің заманауи техникалық және әдістемелік базамен жабдықталған Зияткерлік мектеп базасында педагогикалық тәжірибеден өткенін атап өтуге болады. Енді жаңадан бекітілген меморандум шеңберінде бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, 200 студентке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде болашақ педагогтардың кәсіби біліктілігін шыңдауға зор мүмкіндік береді.
Кездесу аясында қос тарап тек студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастырумен шектелмей, профессор-оқытушылар құрамы мен мектеп педагогтері арасында біліктілікті арттыру, өзара тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми-практикалық іс-шаралар мен семинарлар ұйымдастыру мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы білім беру үдерісін инновациялық әдістермен жетілдіру бағытындағы өзара ықпалдастықты күшейту жайы сөз болды.
Басқосу барысында мектеп директоры Лаура Байтоқаева университет ректоры Қайрат Балабиевті мектеп оқушыларымен кездесуге арнайы шақырды. Ол Ректорды елжанды, мемлекетшіл ұстанымы берік, жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлға ретінде таныстырып, өсіп келе жатқан мектеп оқушыларымен мұндай тағылымды да мотивациялық кездесулер өткізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Қол қойылған екіжақты меморандум – қос білім ұйымының бұрыннан келе жатқан әріптестік байланысын жүйелі түрде дамытуға, жаңа педагогикалық және ғылыми жобаларды өңірде сәтті жүзеге асыруға жол ашады. Алдағы уақытта тараптар тәжірибе алмасу аясын кеңейтіп, оқыту сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жұмыстарды белсенді түрде жалғастыратын болады.
