Бүгінгі жылдам құбылмалы әлемде жоғары білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, олардың кәсіби ортада өзін еркін ұстауына, сыни ойлауына және өз ұстанымын сауатты қорғауына мүмкіндік беретін практикалық дағдыларды (soft skills) қалыптастыру болып табылады. Осы орайда, Орталық Азия Инновациялық Университетінің Мардан Сапарбаев атындағы ғимаратында болашақ заңгерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті.
Аталған білім ордасының «Құқық» кафедрасының ұйымдастыруымен 1-курс студенттеріне арналған «Пікірсайыс өнерінің болашақ заңгер үшін маңызы» тақырыбында танымдық кездесу мен шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – университетке жаңадан қадам басқан 1-курс студенттерінің ораторлық шеберлігін шыңдау, логикалық және алгоритмдік ойлау қабілетін дамыту, сот процестерінде және құқықтық дискуссияларда аргументтер келтіру тәсілдерін меңгерту болып табылады.
Арнайы шақырылған қонақ – танымал дебатер, тәжірибелі профориентолог Ақан Сәбитұлы білім алушылармен ашық диалог форматында кездесу өткізді. Ол өз сөзінде пікірсайыстың жай ғана сөз жарысы емес, бұл – терең талдауды, деректермен жұмыс істеуді және сөйлеу мәдениетін талап ететін үлкен өнер әрі ғылым екенін баса айтты.
«Заңгер мамандығы – ең алдымен сөз мәдениетімен, логикалық сауаттылықпен және дәлелді уәж айта білумен тығыз байланысты. Сондықтан студенттік шақтан бастап дебат қозғалысына белсене қатысу – болашақ заңгердің сот залында да, күнделікті құқықтық практикада да бәсекеге қабілетті болуына тікелей ықпал етеді», – деп атап өтті Ақан Сәбитұлы.
Кездесу барысында студенттер дебаттың негізгі форматымен, аналитикалық талдау жасау әдістерімен, қарсы тараптың аргументтерін жоққа шығару тактикасымен және аудитория алдында өз-өзін ұстау қағидаларымен танысты.
Сондай-ақ, іс-шара соңында студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар беріліп, пікірсайыс клубының жұмысын ары қарай жандандыру мәселелері талқыланды.
Орталық Азия Инновациялық Университетінің Мардан Сапарбаев атындағы ғимаратында өткен бұл танымдық бастама – өңірдегі жоғары білім сапасын арттыруға, жас мамандардың кәсіби әлеуетін ашуға және олардың тұлғалық дамуын қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі.
