Шымкент қаласында білім беру саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру және ұстаздық мамандықтың мәртебесін көтеру бағытында маңызды іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы игі бастамалардың аясында университет қабырғасында «Ұстаздық жол: тәжірибе мен тағылым» тақырыбында тағылымға толы арнайы кездесу өтті. Болашақ педагогтер мен студенттер қатысқан бұл маңызды басқосу жас буынға кәсіби бағдар беріп, ұстаздықтың ұлы миссиясын терең түсінуге жол ашты.
Кездесудің құрметті қонағы – елімізге есімі белгілі айтулы тұлға, жоғары маман иесі, «Қазақстанның Еңбек Ері», педагогика ғылымдарының кандидаты, мектеп оқулықтары мен бірқатар құнды оқу құралдарының авторы, Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Алина Робертовна Соловьева болды. Білім беру саласында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалыптастырған тәжірибелі педагог өз еңбек жолында 150-ден астам республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпазын тәрбиелеп шығарған білікті маман. Оның көпжылдық ұстаздық тәжірибесі пен шәкірттерінің қол жеткізген зор жетістіктері – табанды еңбектің, үздіксіз кәсіби ізденістің және балаға деген шексіз махаббат пен шынайы жанашырлықтың айқын көрінісі.
Жылы әрі еркін форматта өткен кездесу барысында Алина Робертовна өз өмірі мен ұстаздық жолындағы қызықты сәттерімен бөлісіп, биология пәнін тереңдетіп оқытудың тиімді әдістемелері, дарынды оқушылармен жеке жұмыс жүргізудің ерекшеліктері және жас педагогтің кәсіби тұрғыдан қалыптасу жолдары туралы кеңінен ой қозғады. Әсіресе, ұстаздық мамандықтың заман мен уақыт өзгерсе de мәнін жоғалтпайтын басты қағидатына ерекше тоқталды. Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, кеңестік дәуір болсын, бүгінгі қарқынды дамып жатқан цифрлық кезең болсын, мұғалімге қойылатын бір ғана басты талап бар. Ол – өз мамандығын және әрбір баланы шын жүректен жақсы көру. Педагогтің пікірінше, осы екі қасиетті бойына берік сіңірген жан ғана шәкірттің жүрегіне жол тауып, оған саналы тәрбие мен сапалы білім бере алады.
Тағылымды жүздесу барысында студенттер мен жас мамандар тәжірибелі ұстаздың кәсіби ұстанымдары, сабақ берудің әдіс-тәсілдері және оқушыларды ынталандыру жолдары туралы мол мағлұмат алып, өздерін толғандырған сұрақтарына нақты жауаптар алды. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – болашақ педагогтердің мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың кәсіби жауапкершілігін қалыптастыру, сондай-ақ еңбек жолында үлгі боларлық тұлғалардың өнегелі жолын жас ұрпаққа дәріптеу болып табылады. Ұстаздықты өмірлік мұратына айналдырған Алина Соловьевамен болған бұл жүздесу қатысушыларға ерекше кәсіби шабыт сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.
