Шымкент қаласында мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру, олардың саналы түрде мамандық таңдауына жол көрсету және еліміздің жоғары білім беру жүйесінің мүмкіндіктерімен кеңінен таныстыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осы игі мақсатта өңірдің жетекші жоғары оқу орындарының бірінде «Мамандыққа қадам – болашаққа бағдар» атты салтанатты әрі мазмұнды Ашық есік күні ұйымдастырылды. Тағылымды шараға қала мектептерінің оқушылары, ұстаздар қауымы және арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты.
Маңызды іс-шараны университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев алғы сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі және жастардың сапалы білім алуы үшін оқу орнында барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Жиын барысында университеттің тыныс-тіршілігін, материалдық-техникалық базасын және заманауи білім беру бағыттарын жан-жақты көрсететін арнайы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның арнайы қонағы әрі негізгі спикері – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев болды. Ол мектеп оқушыларына алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) ерекшеліктері, қойылатын талаптар, дайындық барысы мен жоғары оқу орнына грант негізінде түсу тәртібі жөнінде аса құнды, әрі толық ақпарат беріп, мазмұнды баяндама жасады. Спикер түлектерге сұрақтар қойып, оларды толғандырған өзекті мәселелерге нақты жауаптар қайтарды.
Сонымен қатар, стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек университеттің жастарға ұсынып отырған мол мүмкіндіктері, студенттердің сапалы білім алуымен қатар, ғылыммен, шығармашылықпен және спортпен айналысуына, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді араласуына жасалған қолайлы жағдайлар туралы кеңінен баяндап берді.
Шара аясында оқушыларға университеттің барлық білім беру бағдарламалары мен мамандықтар тізімі көрсетілген арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, көрнекі материалдар ұсынылды. Сонымен қатар, мектеп бітірушілер арасында арнайы сауалнама жүргізіліп, олардың кәсіби бағдарға қатысты қызығушылықтары мен болашақ мамандық таңдаудағы басымдықтары зерделенді.
Тағылымды кездесу университет студенттерінің дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Мұндай ашық есік күндері жас буынға болашақ кәсібін дұрыс таңдауда нақты бағыт-бағдар беріп қана қоймай, жоғары білім әлеміне сенімді қадам жасауына зор мүмкіндік ашады.
