Шымкент қаласындағы жетекші білім ошағында ұстаздық жолды мұрат етіп, ғылым мен білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ардақты азаматтарды ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Университет қабырғасында әр жылдар бойы адал еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырған қызметкерлер мен оқытушылардың мерейтойлары аталып өтілді. Мұндай игі шаралар ұжымның бірлігін нығайтып қана қоймай, еңбек адамдарын қоғамға дәріптеудің жарқын үлгісі болып табылады.
Салтанатты жиында Университет Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев білім мен ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген университет ғалым хатшысы Ақлима Байғұтты мерейлі жасымен шын жүректен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Ректор өз сөзінде Ақлима Байғұттың көпжылдық қажырлы еңбегін, ғылым мен білім саласының өркендеуіне қосқан айтарлықтай үлесін жоғары бағалап, оған зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына береке және жаңа шығармашылық табыстар тіледі.
Бұдан бөлек, ректор оқу орнының абыройын арттырып, кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген басқа да тәжірибелі ұстаздарды мерейлі жастарымен құттықтады. Олардың қатарында «Арнайы педагогика» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Бейбіт Әбуова мен осы кафедраның аға оқытушысы, тәжірибелі логопед-практик, білікті маман Жанат Керімбекова бар. Басшылық тарапынан аталмыш ұстаздардың университеттегі оқу-әдістемелік үдерісті жетілдіруге, жас мамандарды тәрбиелеуге қосқан үлестері аталып өтіліп, олардың ерен еңбегіне зор алғыс білдірілді.
Салтанатты құттықтау барысында ректор ұстаздардың қазіргі қоғамдағы, әсіресе университеттің білім беру жүйесіндегі орны мен рөліне ерекше тоқталды. Сондай-ақ университет кәсіподақ ұйымы атынан мерейгерлерге арнайы сый-сияпаттар табысталып, ыстық ықылас пен құрмет көрсетілді. Халқымызда «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қанатты сөз бар. Шәкірт тәрбиелеп, ұлт болашағын қалыптастыратын, білім мен тәрбиені ұштастыра білетін қадірлі тұлғалардың еңбегі әрқашан бағалы. Әріптестеріміздің кәсіби біліктілігі, мол тәжірибесі мен адал қызметі – бүкіл университет ұжымының мақтанышы болып қала береді.
