Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруде. Онлайн оқытудың мүмкіндіктері мен келешегі Мұхтар Әуезов университетінде өткен дөңгелек үстелге арқау болды.
Онлайн оқыту департаменті ұйымдастырған «Онлайн оқыту – заманауи білім берудің болашағы» атты кездесуге университет басшылығы, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, білім беру ұйымдарының өкілдері, IT мамандары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Талқылау барысында онлайн білім беруді дамытудың өзекті бағыттары, жасанды интеллектіні оқу үдерісінде қолдану, виртуалды технологиялардың мүмкіндіктері мен оқытудың жаңа әдістері сөз болды. Сондай-ақ цифрлық білім беру кеңістігін жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Кездесуге Малайзияның Путра университетінің PhD докторлары Siti Khadijah binti Ali және Ng Keng Yap қатысып, халықаралық тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар еліміздің жетекші білім беру және IT ұйымдарының өкілдері де пікір алмасты.
Жиын барысында онлайн оқытудың білім алушылар үшін қолжетімділікті арттырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Қашықтан білім алу географиялық шектеулерді азайтып, студенттерге оқу материалдарын өзіне ыңғайлы уақытта меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл формат дәстүрлі оқытуды алмастырумен қатар, оны толықтыратын тиімді құрал ретінде де қарастырылды.
Қатысушылар цифрлық платформалардың оқу үдерісіндегі маңызын атап өтті. Интерактивті тапсырмалар, бейнесабақтар мен электрондық ресурстар білім алушылардың сабаққа белсенді қатысуына ықпал етеді. Ал жасанды интеллект оқытушыға оқу материалдарын әзірлеу, білім алушылардың үлгерімін талдау және жеке оқу траекторияларын қалыптастыру бағытында қосымша мүмкіндік ұсынады. Дегенмен мұндай құралдарды қолдануда академиялық адалдықты сақтау, ақпараттың дұрыстығын тексеру және цифрлық қауіпсіздік талаптарын ескеру қажеттігі де айтылды.
Сонымен бірге виртуалды технологияларды тәжірибелік сабақтарға енгізу, оқытушылардың цифрлық құзыреттерін жетілдіру және білім беру платформаларының сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Халықаралық тәжірибені зерделеу отандық жоғары оқу орындарына тиімді шешімдерді бейімдеп, білім беру мазмұнын жаңартуға жол ашады.
Жиын соңында қатысушылар онлайн оқытудың сапасын арттыру мен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу университеттер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуды жалғастыруға негіз болды.
