Жошы ұлысы – Еуразия тарихында айрықша орны бар, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихымен сабақтас ірі саяси құрылымдардың бірі. Оның мемлекеттік жүйесі мен рухани-мәдени мұрасын зерттеу бүгінгі тарих ғылымы үшін де маңызды.
Осы тақырып Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен «Жошы ұлысы: мемлекеттілік, өркениет және рухани мәдениет – қазіргі ғылыми зерттеулер аясында» атты дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды.
Ғылыми басқосуды университеттің «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институты жанындағы «Абайтану және Мұхтартану», «Түркітану», «Тарих және этнология», «Археология және антропологиялық зерттеулер» ғылыми орталықтары ұйымдастырды.
Институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Боранбай Сандыбай ашқан басқосудың негізгі мақсаты – Жошы ұлысының Еуразия өркениетіндегі орнын, мемлекеттік құрылымы мен мәдени мұрасын зерделеп, Қазақ хандығымен тарихи сабақтастығын саралау.
Баяндамалар барысында Жошы ұлысының Еуразия тарихындағы орны, Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттік жүйе, империялық сана мен діни көзқарастар мәселелері қозғалды. Бұл тақырыптар бойынша «Абайтану және Мұхтартану» ғылыми орталығының басшысы Ақжол Қалшабек, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Досымбек Қатыран, тарихшы ғалымдар Ордалы Қоңыратбаев пен Зікірия Жандарбеков ой-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ Алтын Орда кезеңіндегі жазба ескерткіштердің тарихи мәні, археологиялық деректердің мемлекеттілік тарихын танудағы рөлі және түркі жазба мұраларының рухани-мәдени маңызы талқыланды. Бұл бағытта Батыс Қазақстанның инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Мұрат Сабыр, Амангелді Саипов және Асылбек Ноғаев ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Талқылау барысында жазба және археологиялық деректерді өзара салыстыра зерттеудің маңызына да назар аударылды. Мұндай ғылыми пікір алмасулар тарихи үдерістерді тереңірек түсінуге және Жошы ұлысының мұрасын жаңа зерттеу тәсілдері арқылы бағалауға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында Жошы ұлысының тарихын мемлекеттік дәстүр, мәдени мұра және тарихи сабақтастық тұрғысынан кешенді зерттеудің маңызы айтылды. Ғалымдар тарих, археология, филология және этнология салалары тоғысындағы ғылыми ізденістерді жалғастыру қажеттігін жеткізді.
