Шымкент қаласында өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту, білім беру сапасын арттыру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын заман талабына сай жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде оқу үдерісін сапалы қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың жұмысын жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту бағытындағы сапалы қадамдар өз жалғасын табуда.
Оқу ордасындағы ғылыми-әдістемелік және ақпараттық-ресурстық ортаны жақсарту мақсатында Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев университет кітапханасы мен типографиясының қызметіне арнайы атбасын бұрып, олардың ағымдағы ахуалын саралады және алдағы кезеңде атқарылатын басым міндеттерді белгілеп берді.
Алдымен университет типографиясының тыныс-тіршілігімен танысқан Қайрат Балабиевке ІТ департаментінің басшысы Саят Іңкәрбеков атқарылып жатқан жұмыстар хақында баяндады. Бүгінгі таңда оқу орны жанынан басылып шығатын оқу-әдістемелік құралдарды, ғылыми монографиялар мен оқытушы-ғалымдардың еңбектерін сапалы әрі тиімді жарыққа шығару бағытында біршама шаралар атқарылған. Тек ғылыми еңбектерді басып шығару емес, сонымен бірге студенттер мен жас зерттеушілерге қолайлы академиялық орта қалыптастыру мәселесі де ректордың ерекше назарында болды.
Атап айтқанда, университеттің Шымкент қаласындағы «Гарант» аялдамасы маңында орналасқан оқу ғимаратында білім алушылар ксерокөшірме қызметін пайдалану үшін сыртқа, көшедегі жекеменшік нүктелерге шығуға мәжбүр болып келген. Бұл студенттердің уақытын тиімсіз жұмсауға және оқу үдерісінде белгілі бір қолайсыздықтарға әкелетіні жасырын емес. Осы мәселені жедел шешу мақсатында ректор оқу орнының ішкі аумағында заманауи ксерокөшірме аппараттарын орнатып, оларды студенттер үшін қолжетімді әрі тиімді пайдалану тетіктерін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ жаңадан пайдалануға берілген ғимараттардың маңына да осындай техникалық аппараттарды орнату жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұдан кейін университеттің бас ақпараттық және білім хабы саналатын кітапхана жұмысының барысы сараланды. Кітапхана басшысы Халида Шамбулова ректорға кітап қорының сақталуы, жаңа әдебиеттердің орналасуы мен сирек кездесетін ғылыми басылымдардың жай-үйі, сондай-ақ оқырмандарға көрсетілетін сандық және дәстүрлі қызметтер туралы толық мәлімет берді.
Кездесу барысында биыл жаңадан пайдалануға берілген оқу ғимараттарындағы кітапхана филиалдарының жұмысын жүйелі үйлестіру, студенттер, магистранттар мен оқытушы-ғалымдарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жайлы жағдай жасау мәселелері қызу талқыланды.
Университет басшылығы негізгі басымдық – жоғары оқу орнының ғылыми-материалдық базасын заман талабына сай жетілдіру, білім алушыларға қолайлы орта қалыптастыру және оқу-ғылыми үдерісіне қажетті барлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде өңірдегі жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді.
