Шымкент қаласындағы жоғары білім беру ошақтарында жастардың рухани-адамгершілік әлеуетін арттыру, ұлттық мұраны ұлықтау және саналы тәрбие беру бағытындағы игі бастамалар өз жалғасын табуда. Осы орайда, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге арналған ауқымды жиындар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Қазіргі таңда елімізде өскелең ұрпақтың санасына ұлттық рухани құндылықтарды сіңіру, оларды адамгершілікке, парасаттылыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осы игі мақсатта университетте «Ой қозғау орталығы» аясында студенттерге арналған тағылымды дәрістер легі жалғасты. Бұл жолғы мазмұнды басқосу жас ұрпақтың рухани дүниесін байытуға, ұлттық танымын тереңдетуге және ұлы ойшыл Абай мұрасы арқылы жоғары адамгершілік қағидаттарын дәріптеуге бағытталды.
Студенттермен өткен кездесудің басты тақырыбы – «Абай феномені, «Толық адам» ілімі және әділетті қоғам құру қағидаттары» деп аталды. Рухани-танымдық дәріске университет Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев пен белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Әйменов арнайы қатысып, жастарға өсиетке толы ойларын ортаға салды.
Дәріс барысында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының философ ретіндегі көзқарастары, оның шығармаларындағы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырудағы орны жан-жақты сөз болды. Әсіресе, Абайдың «Толық адам» ілімі мен тұжырымдамасы негізінде білімді, саналы, еңбекқор, әділетті әрі өз ісіне жауапкершілігі жоғары тұлғаны тәрбиелеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Ғалымдар мен басшылық Абай мұрасын тек өткеннің мұрасы ретінде емес, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заманауи көзқараспен зерделеу қажеттігін атап өтті. Жиында «Абайға оралу — моральға оралу» екендігі баса айтылып, студенттер ұлы ойшылдың өсиеттерін өз өмірлерімен байланыстыра отырып, рухани даму мен қоғам алдындағы азаматтық борыш туралы терең ой түйді.
«Ой қозғау орталығы» шеңберінде ұйымдастырылған бұл дәріс жастардың интеллектуалдық және рухани әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Себебі Абай мұрасы – бүгінгі ұрпақтың өмірлік ұстанымын айқындайтын, болашаққа сенімді қадам жасауға бағдар беретін сарқылмас қазына. Басты мұрат – Абай аңсаған «Толық адам» идеясын жастардың санасына сіңіру арқылы білімді, парасатты, әділетті қоғам қалыптастыруға белсене қатысатын жаңа заман зиялыларын тәрбиелеу.
