Шымкент қаласының ғылыми-академиялық қауымдастығы мен жоғары білім беру саласы халықаралық интеграция мен жаһандық серіктестікті дамыту бағытында тағы бір маңызды қадам жасады. Отандық университеттердің әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен байланысын нығайтуы білім беру сапасын арттырып қана қоймай, жас ғалымдар мен студенттерге халықаралық тәжірибе жинақтауға кең мүмкіндік береді.
Қазіргі жаһандану дәуірінде жоғары оқу орындарының халықаралық байланыстарын нығайту, ғылыми-академиялық әлеуетті арттыру және озық тәжірибе алмасу – білім беру сапасын жаңа деңгейге көтерудің басты кепілі. Осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың жалғасы ретінде, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті (Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы) арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы маңызды меморандумға ресми түрде қол қойылды.
Аталған екіжақты келісім құжаты жоғары оқу орындары арасындағы білім және ғылым саласындағы халықаралық серіктестікті тереңдетуге, өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға бағытталған. Келісімшартқа екі жоғары оқу орнының басшылары – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Қайрат Балабиев пен Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің ректоры Сергей Филатов қол қойып, алдағы атқарылар жұмыстардың бағыт-бағдарын айқындады.
Қол қойылған стратегиялық маңызды құжат аясында бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушылары мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамытуға басымдық берілмек. Сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық ауқымдағы жобалар мен гранттық бағдарламаларды жүзеге асыру, ғылыми конференциялар, симпозиумдар, семинарлар мен арнайы курстарды ұйымдастыру қарастырылған. Бұдан бөлек, ғылыми мақалалар, монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдарын бірлесіп жариялау, ғалымдар мен оқытушылардың ғылыми тағылымдамадан өтуіне жан-жақты жағдай жасау, сондай-ақ заманауи ғылыми орталықтар мен зертханалардың мүмкіндіктерін бірлесіп пайдалану көзделген.
Аталған меморандум екі университет арасындағы әріптестік қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, білім алушылар мен жас ғалымдарға халықаралық тәжірибе жинақтауға, өздерінің ғылыми әлеуетін толық ашуға және жоғары білім беру сапасын жетілдіруге кең жол ашады. Бұл бастамалар алдағы уақытта өңірдегі ғылыми-инновациялық әлеуеттің артуына және отандық педагогикалық білім беру жүйесінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосары анық.
