Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарында жастардың тарихи санасын қалыптастыру, ұлттық руханиятты жаңғырту және саналы ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы маңызды іс-шаралар өз жалғасын табуда. Осы мақсатта Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған тағылымды басқосу ұйымдастырылды.
Елімізде ұлттық руханиятты жаңғырту, тарихи тұлғалардың еңбегін дәріптеу және жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік пен патриоттық құндылықтарды сіңіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда, Тарих және педагогика факультетінің ұйымдастыруымен «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының студенттері мен магистранттарына арналған «Ұлт жанашыры – ұрпақ жадында» атты мазмұнды ғылыми-танымдық семинар өтті. Тағылымды шара қазақ мәдениеті мен тарихының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмір жолы мен мол мұрасына арналды.
Ауқымды семинардың негізгі мақсаты – бірегей тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, көне тарих пен руханиятты қайта жаңғырту жолындағы ерен еңбегін жастар арасында кеңінен насихаттау. Сондай-ақ белгілі ғалым Қ. Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібеков кім?» атты құнды оқу басылымы арқылы өскелең ұрпақтың рухани-патриоттық дүниетанымын кеңейтіп, олардың кітап оқуға, ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттыру көзделді.
Жиын барысында білім алушылар аталмыш оқу басылымының мазмұнына терең талдау жасап, өздерінің ой-пікірлері мен әсерлерімен бөлісті. Кітаптың мазмұндық ерекшеліктері, ондағы тарихи деректердің шынайы берілуі және қайраткердің ұлт руханиятын сақтаудағы рөлі жан-жақты талқыланды. Ерекше атап өтерлігі, семинарға оқу басылымының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Ергөбек арнайы қатысып, қатысушылармен құнды ғылыми көзқарастары мен естеліктерімен бөлісті. Автордың тағылымға толы әңгімесі жастардың тарихи тұлға туралы түсінігін тереңдетіп, олардың ұлттық мұраға деген құрметін еселей түсті.
Семинар модераторы З. Қуанышбаева қатысушылардың еркін пікір алмасуына бағыт-бағдар беріп, мазмұнды талқылаудың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болды. Тартымды өткен кездесуде білім алушылар ұлт тарихы мен руханиятының өркендеуіне қызмет еткен тұлғалардың өмір жолын танудың маңыздылығына көз жеткізді. Мұндай іс-шаралар жастардың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге және саналы оқу мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етеді.
