Қазіргі таңда отандық жоғары білім беру жүйесін цифрландыру, жаһандық озық тәжірибелерді оқу үдерісіне кеңінен енгізу және студенттердің заманауи дағдыларын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда, Астана қаласында өткен беделді Coursera Future Talks сессиясы мен Coursera Qazaqstan Excellence Awards салтанатты рәсімінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті маңызды жетістікке қол жеткізді. Оқу орны халықаралық деңгейдегі «Digital Learning Excellence Award» номинациясы бойынша жоғары марапатқа ие болды. Аталған беделді марапатты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық форум барысында университет Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиевке салтанатты түрде табыстады. Осылайша, Жәнібеков университеті Coursera платформасының рейтингі бойынша еліміздегі 100-ден астам жоғары оқу орнының арасында үздік ТОП-6 қатарына сенімді түрде еніп, өз әлеуетін паш етті.
Бұл айтулы жетістік – университеттің цифрлық білім беру ортасын қалыптастыру, халықаралық Coursera платформасының озық онлайн курстарын білім беру бағдарламаларына тиімді кіріктіру және оларды оқу пәндерінің мазмұнымен үйлестіру бағытындағы жүйелі еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі таңда университетімізде Coursera курстары білім беру бағдарламалары мен пәндердің оқу нәтижелеріне қатаң сәйкестендіріліп, оқу процесінде қосымша әрі сапалы білім беру ресурсы ретінде белсенді түрде қолданылуда. Мұның нәтижесінде білім алушылар негізгі пән мазмұнын меңгеріп қана қоймай, әлемнің жетекші университеттері мен халықаралық компаниялар әзірлеген ең үздік курстарды оқып шығуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде жастардың заманауи цифрлық және кәсіби құзыреттерін тереңдетіп, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосады.
Digital Learning Excellence Award марапаты – бұл тұтас университет ұжымының цифрлық білім беру кеңістігін дамытуға, халықаралық академиялық ресурстарды тиімді пайдалануға және болашақ педагогтердің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған қажырлы еңбегінің мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі лайықты бағасы. Айта кету керек, бұл маңызды жоба университетке қарасты тиісті құрылымдық бөлімшелер мен мамандардың үйлесімді жұмысы арқылы жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, Академиялық істер департаментіне қарасты оқу-әдістемелік қолдау бөлімінің басшысы Гүлмира Есентөреева бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге сүбелі үлес қосуда. Университет бұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да цифрлық білім беруді дамыту, халықаралық серіктестікті нығайту және заманауи технологияларды білім үдерісіне енгізу бағытындағы жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыратын болады.
