Қазіргі қарқынды дамып келе жатқан цифрлық дәуірде білім беру жүйесін жаңа заман талаптарына сай бейімдеу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін ғылым мен оқу үдерісіне тиімді енгізу мәселесі басты назарда тұр. Осы орайда, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев Тәшенев университетінде өткен «Болашақ университеті: жасанды интеллект дәуіріндегі көшбасшылық, зерттеу және білім беру» атты маңызды халықаралық форумға қатысты.
Ауқымды басқосуға отандық және шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері, танымал ғалымдар, салалық сарапшылар мен білім беру саласының көшбасшылары жиналды. Қатысушылар жасанды интеллект заманында жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті бағыттарын жан-жақты талқылап, тәжірибе алмасты.
Форум барысында сөз сөйлеген Қайрат Рахымұлы заманауи технологиялардың білім беру жүйесіне тигізетін ықпалы, университеттердің алдында тұрған жаңа міндеттер, академиялық адалдық қағидаттары мен жауапты көшбасшылықтың маңызына кеңінен тоқталды. Ректор өз сөзінде: «Жасанды интеллект адамды алмастыратын қарапайым тетік емес, ол адамның танымдық мүмкіндігін кеңейтетін қуатты құрал ретінде бағалануға тиіс. Сондықтан бүгінгі негізгі мәселе – оны қандай мақсатта, қандай құндылықтарға сүйеніп және қандай жауапкершілікпен қолданатынымызда», – деп атап өтті. Сондай-ақ ол көрнекті қайраткерлер Жұмабек Тәшенев пен Өзбекәлі Жәнібековтің елдік ұстанымы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі тарихи еңбегіне тоқталып, екі университеттің ортақ миссиясы заманауи білім мен ұлттық құндылықты, технологиялық серпін мен адами жауапкершілікті өзара сабақтастыру екенін жеткізді.
Жиын барысында ректор екі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтудың бірқатар маңызды бастамаларын ұсынды. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект және педагогика: Оңтүстік бастамасы» атты бірегей университетаралық ғылыми-білім беру алаңын құру, студенттер мен білім алушыларға арналған «Жасанды интеллект және академиялық адалдық» атты арнайы курс әзірлеу, мектеп мұғалімдеріне қолдау көрсету үшін бірлескен AI-педагогикалық зертхана ашу және қазақ тіліндегі сапалы цифрлық білім мазмұнын қалыптастыру бастамалары ортаға салынды.
Форум аясында өткен мазмұнды пікір алмасулар жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды одан әрі тереңдетіп қана қоймай, ғылым мен білім саласында жаңадан қолға алынатын бірлескен ауқымды жобалардың жүзеге асуына жол ашады.
