Шымкент қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде білім беру жүйесін жетілдіру, басқарушылық сапаны арттыру және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда, университет қабырғасында маңызды халықаралық кездесу мен арнайы шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Аталған шара отандық жоғары білім беру саласына әлемдік озық тәжірибелерді енгізуге және кадрлардың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Университеттің Басқарма төрағасы Ректор Қайрат Балабиев Будапешт қаласындағы беделді Корвинус университетінің (Corvinus University of Budapest) көшбасшылықты дамыту жөніндегі профессоры, «Жылдың үздік педагогі» атағының иегері Золтан Бузадиді арнайы қабылдады. Екіжақты кездесу барысында тараптар жоғары білім беру жүйесіндегі заманауи басқару тәжірибесі, көшбасшылық әлеуетті дамыту, басқарушылық құзыреттерді жетілдіру және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ оқу орнының басқару жүйесіне халықаралық стандарттарды енгізу, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби деңгейін көтеру және білім беру үрдісіне инновациялық әдістерді әкелу бағыттары бойынша пікір алмасылды.
Ресми қабылдаудан кейін халықаралық сарапшы «Capacity Building» бағдарламасы аясында университет басшылығы, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы және құрылымдық бөлімше басшылары үшін арнайы шеберлік сағатын өткізді. Айта кету керек, Золтан Бузади Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде 33-тен астам зерттеу және консультациялық миссия жүргізген тәжірибелі маман. Ол бұған дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жоғары басшылығына, мемлекеттік холдингтерге, ұлттық компаниялар мен дипломатиялық корпус өкілдеріне кәсіби консультациялық қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, ол еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында шақырылған профессор ретінде дәріс оқып, PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік жасап келеді.
Семинар барысында құрметті қонақ көшбасшылықтың заманауи тұжырымдамалары, тиімді басқару тетіктері, командалық жұмысты үйлестіру, күрделі жағдайларда жедел шешім қабылдау және жеке көшбасшылық қабілеттерді арттыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Қатысушыларға кәсіби және жеке әлеуетті көтеруге, сондай-ақ басқарушылық құзыреттерді дамытуға бағытталған әлемге танымал Flow-Leadership және FLIGBY ресми бағдарламалары таныстырылды. Бұл бағдарламалар арқылы көшбасшылық дағдыларды тәжірибе жүзінде шыңдау, тұлғалық мүмкіндіктерді ашу және ұйым ішінде өзара тиімді әрекеттестік орнату жолдары түсіндірілді. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар оқытушылар мен басшылардың кәсіби тәжірибесін байытып, өңірлік ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосады.
