Шымкент қаласында өңірдегі жоғары білім сапасын арттыру, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамыту және білім беру саласындағы өзекті үрдістерді ақпараттық қолдау бағытында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Бүгінгі еңбек нарығында диплом маманның кәсіби жетістігіне кепіл бола ала ма? Жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде педагогтің рөлі қалай өзгереді? Болашақ мұғалімге білімнен бөлек қандай қабілеттер қажет? Осы өзекті сауалдар «TALANT PRO FEST–2026» онкүндігі аясында өткен «Дипломнан құзыреттілікке: болашақ педагогтың кәсіби капиталы» тақырыбындағы кездесудің негізгі арқауына айналды.
Кездесуді Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жанбол Жылбаев ашып, спикерді таныстырды. Ол білім алушыларға кәсіби даму жолында табыс тілеп, тәжірибелі мамандармен жүздесудің болашақ педагог үшін тәжірибелік әрі тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды. Заманауи талапқа сай маман дайындауда теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың, үздіксіз ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылудың маңызын атап өтті.
Кездесу спикері – «Green School» мектебінің директоры, жас ғалым, білім мотиваторы, «Bilim IQ» жобасының авторы Өтепов Нұрлан Ырысқалиұлы. Кездесуде жасанды интеллект мүмкіндіктері мен мұғалімнің қоғамдағы орны кеңінен сөз болды. «Жасанды интеллект – құрал, ал педагог – тұлға қалыптастырушы» деген тұжырым білім алушыларға ерекше ой салды. Жасанды интеллект ақпарат ұсынып, тапсырма құрастырып, оқу үдерістерін жылдамдата алады. Алайда оқушының жеке ерекшелігін түсіну, қабілетін ашу, дұрыс бағыт беру және шабыттандыру – нағыз мұғалімнің басты миссиясы болып қала береді.
Нұрлан Өтепов «Green School» мектебінің білім көрмелері, ғылыми жобалары, дебат турнирлері мен халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерін таныстырды. Түркия, Сингапур, Малайзия, Дубай және Нью-Йорк қалаларындағы халықаралық білім алаңдарында жинақталған тәжірибе білімнің шынайы құндылығы оны нақты нәтижеге айналдыра білуде екенін айқын көрсетті. Кездесу соңында білім алушылар арасында Quiz форматындағы танымдық сайыс ұйымдастырылды. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Еркін микрофон форматында өткен ашық пікіралмасу барысында студенттер спикерге заманауи білім берудегі цифрлық этика, ғылыми жобаларды коммерцияландыру және жас педагогтің бастапқы кәсіби бейімделуі төңірегінде сауалдар қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер білім алушылардың кәсіби өзін-өзі айқындауына тың серпін беріп, олардың болашақ мамандыққа деген сенімін нығайтуға және өңірдегі жоғары педагогикалық білімнің сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді.
