Шымкент қаласында өңірлік жоғары оқу орындарының ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыру, жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу және жас зерттеушілерге мемлекеттік әрі серіктестік қолдау көрсету бағытында маңызды қадам жасалды. Ауқымды «Shymkent AI Forum – 2026» форумы аясында цифрлық даму бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайту және студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында жетекші жеке IT-компаниялар, инновациялық білім беру орталықтары мен өңірлік жоғары оқу орындары арасында бірқатар стратегиялық меморандумдарға салтанатты түрде қол қойылды.
Серіктестік келісімдері шеңберінде «Tomorrow School» халықаралық бағдарламалау мектебі мен өңірдегі жетекші жоғары оқу орындары арасында да тығыз әріптестік орнату жөнінде өзара меморандумдар жасалды. Аталған стратегиялық жобаларды нәтижелі жүзеге асыру, білім беру сапасын халықаралық стандарттарға сай жетілдіру және ғылыми-техникалық кооперацияны кеңейту мақсатында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің өкілі – Интернационалдандыру және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Нұрдәулет Хангелді арнайы қатысып, ресми келісім құжаттарына қол қойды.
Бұл әріптестік – өңірдегі білім алушылар мен жас ғалымдар үшін мүлде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Атап айтқанда, меморандумдар студенттердің IT, бағдарламалау және жасанды интеллект бағытында тереңдетілген білім алуына, заманауи цифрлық құралдарды оқу процесінде әрі практика жүзінде эркін меңгеруіне зор ықпал етеді. Сондай-ақ, жастардың түрлі ғылыми-практикалық жобаларға, IT-стартаптарға, хакатондарға белсене қатысуына және оқу кезеңінен-ақ шынайы кәсіби ортаға ертерек араласуына кең жол ашады.
Жастардың цифрлық саладағы ғылыми-шығармашылық әлеуетін жан-жақты қолдап, білім мен бизнестің, жоғары технологиялар мен өндірістік практиканың байланысын еселеп күшейту – ұзақ мерзімді жобаның басты мақсаттарының бірі. Мұндай ауқымды бастамалар Шымкент қаласындағы жоғары білім мен ғылым саласын цифрландыруды жеделдетіп, өңірлік білім ошақтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және болашақ мамандардың еңбек нарығындағы сұранысын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
