Шымкент қаласында өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту, кәсіптік білім беру ошақтары мен университеттер арасындағы сабақтастықты нығайту, сондай-ақ жастарға сапалы жоғары білім алуға бағыт-бағдар беру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университета даярланатын мамандардың кәсіби деңгейін таныстыру және талапкерлерді тарту мақсатында Жаратылыстану ғылымдары факультеті базасында арнайы «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Ауқымды әрі мазмұнды іс-шараға Шымкент қаласындағы жетекші арнаулы орта білім беретін мекемелерден, Атап айтқанда Манап Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжі, Экономикалық колледж, Индустриалды-экономикалық колледж және Аграрлық колледжден 300-ге жуық бітіруші студент қатысты. Ғылыми-ағартушылық жиынның негізгі мақсаты – колледж түлектеріне университеттің білім беру мүмкіндіктерін тереңдетіп таныстыру, жоғары білім алудың стратегиялық бағыттары бойынша толық ақпарат беру және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға жан-жақты қолдау көрсету болып табылады.
Іс-шара барысында қатысушылар университеттің заманауи білім беру бағдарламаларымен, материалдық-техникалық базасымен, ғылыми-зертханалық әлеуетімен және студенттерге ұсынылатын жан-жақты мүмкіндіктермен егжей-тегжейлі танысты. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен жауапты өкілдері талапкерлер тарапынан қойылған барлық сауалдарға тұшымды жауап беріп, колледжден кейін жоғары білімді жеделдетілген және қысқартылған бағдарламалар бойынша жалғастырудың құқықтық әрі академикалық жолдарын түсіндірді.
Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Шолпан Мөминоа өткізілген шараның өңірлік білім саласы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті: «Бүгінгі Ашық есік күнінің басты мақсаты – колледж түлектеріне университетіміздің білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағыт-бағдар беру. Біз үшін әрбір талапкердің университет өмірімен жақынырақ танысып, өзіне қажетті ақпарат алуы өте маңызды. Бүгін төрт колледжден келген 300-ге жуық бітіруші студент университетіміздің тыныс-тіршілігімен, білім беру бағдарламаларымен және ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысты. Осындай кездесулер жастардың жоғары білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін».
Tashenev University алдағы уақытта да талапкерлермен кәсіби бағдар беру бағытындағы кездесулерді жүйелі түрде жалғастырып, өңір жастарының сапалы білім алуына, ғылыми зерттеулерге араласуына және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына барлық қолайлы жағдайды жасауды көздейді.
