Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде дене тәрбиесі мен спорт саласының қазіргі жай-күйі, білім беру мазмұнын жаңарту және цифрлы кезеңдегі дене тәрбиесі сабағын оқытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Қайрат Балабиев қоғам қайраткерлері мен спорт саласының мамандарын қабылдап, саладағы түйткілдер мен алдағы міндеттер жөнінде пікір алмасты. Кездесуде цифрландыру үдерісінің білім беру саласына ғана емес, дене тәрбиесі мен спортқа да елеулі өзгерістер әкеліп отырғаны айтылды. Профессор, Қазақстанға белгілі спорт ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы Бауыржан Досқараев спорт саласындағы кәсіби мамандарды даярлау мәселесіне ерекше тоқталды.
— Өркениетті елдерде «спорттық құқық» деген ұғым қалыптасқан. Спортшының жоғары нәтижеге жетуі тек жаттықтырушының еңбегіне ғана байланысты емес. Оның жанында тамақтану жөніндегі маман, фитнес жаттықтырушысы, спорттық психолог, медицина және басқа да бағыттағы кәсіби мамандардан құралған команда жұмыс істейді. Бізге де осындай мамандарды даярлайтын уақыт жетті, – деді ғалым.
Оның айтуынша, елімізде дене шынықтыру саласы бойынша білім беру бағдарламалары жеткілікті болғанымен, қазақ тіліндегі сапалы оқу-әдістемелік оқулықтар мәселесі әлі де өзекті. Жиын барысында қоғам қайраткерлері Есберген Алауханов, Рахматжан Абдусаттаров және Алау Тәңірберген де өз ой-пікірлерін ортаға салып, өздерінің авторлық еңбектерін сыйға тартты.
Білім мен ғылымды дамыту бағытында Шымкенттегі жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыруға, зерттеу нәтижелерін қоғамға танытуға және жас зерттеушілерді қолдауға да басымдық берілуде. Қаладағы ғылыми ортада жоғары оқу орындарының халықаралық және өңіраралық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік беретін бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археологиялық орталығы Лейден университетінің ғалымдарымен бірлесіп, Шымкент маңындағы Қаңлы дәуірінің ескерткіштеріне зерттеу жүргізді. Мұндай ғылыми кооперация отандық зерттеулердің халықаралық деңгейге шығуына жол ашады.
Сонымен қатар жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қолдауға бағытталған «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 2026–2028 жылдарға гранттық қаржыландыру конкурсы өткізіліп, зерттеушілерге ғылыми ізденістерін жалғастыруға мүмкіндік берілуде. Осы бағыттағы жұмыстар ғылымды тек академиялық ортада ғана емес, қоғам арасында кеңінен насихаттап, жастардың зерттеушілікке қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
