Жоғары білім беру жүйесінде студенттердің кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, олардың бойында патриотизмді, жауапкершілік пен әскери-патриоттық рухты қалыптастыру — мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы орайда Шымкент қаласындағы білім ордасы — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы әскери кафедра запастағы офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша білім алуға ниет білдірген студенттерден құжаттар қабылдаудың басталғанын хабарлайды. Бұл бағдарлама жастарға жоғары білім ала жүріп, әскери мамандықты қоса меңгеруге зор мүмкіндік береді.
Бағдарламаға жасы 24-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу ережелеріне сәйкес, запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасына 3 жылдық оқу мерзімі бар қысқартылған бағдарламаның 1-курс студенттері, 4 жылдық оқу мерзіміндегі 1 және 2-курс білім алушылары, сондай-ақ 5 және 6 жылдық білім беру бағдарламаларының 1, 2 және 3-курс студенттері өтініш бере алады. Ал запастағы сержанттарды даярлау бойынша оқуға оқу мерзіміне байланысты 1-курстан 4-курсқа дейінгі студенттер тартылады.
Ерекше атап өтетін жайт, мерзімді әскери қызметін өтеп келген студенттерге мемлекет тарапынан үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Олар медициналық куәландырудан өткен соң, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша (тегін негізде) конкурстан тыс әскери даярлауға жіберіледі. Бұл — Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген жастарды мемлекеттік деңгейде қолдаудың айқын көрінісі. Ал қалған студенттерді қабылдау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы іріктеу комиссиясының конкурстық шешімі негізінде жүзеге асырылады.
Конкурстық іріктеуге қатысу үшін өтініштер мен құжаттар 2026 жылдың 2 ақпанынан 30 қыркүйекке дейін Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ әскери кафедрасының ғимаратында (Достық мөлтек ауданы, 3/1) қабылданады. Студенттер жеке куәлігін, eGov порталынан алынған әскери қызмет және соттылықтың болуы/болмауы туралы анықтамаларды, 3х4 см өлшемдегі 4 дана фотосуретті және ЖОО-да оқитыны туралы ресми анықтаманы өткізуі тиіс.
Медициналық куәландырудан өтуге жолдамалар мен тиісті анықтамалар тізімі әскери кафедрада беріледі. Студенттер әскери есепте тіркелген жері бойынша Қорғаныс істері жөніндегі басқармалардан немесе департаменттерден медициналық тексерістен өтіп, қорытынды картасын кафедраға тапсырады. Толық ақпарат алу үшін +7 702 159-13-59 телефонына хабарласуға болады. Шымкентте өңірлік жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
